Алматы қаласының мемлекеттік архивінде ҚР халық әртісі, композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне музей бұрышы ашылды. Онда отбасы табыс еткен композитордың өмірі мен шығармашылығына байланысты 100-ден астам құжат пен экспонат қойылды.
Іс-шараға Алматы қаласының мәдениет басқармасы, белгілі зиялы қауым өкілдері, Ескендір Хасанғалиевтің отбасы, туған-туыс, жақын достары мен жас өнерпаздар қатысты.
«Архив – бұл халықтың рухани байлығы мен мәдени мұрасын сақтайтын, болашақ ұрпаққа мирас ететін маңызды буын. Бүгін Алматы қаласының архиві Ескендір Хасанғалиевтің жеке қорынан алынған бағалы құжаттармен және заттармен толықтырылды. Біздің ортақ міндетіміз – туған жерге және өз халқына деген сүйіспеншілікті бейнелейтін композитордың шығармаларын сақтау және насихаттау», - деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

«Ескендір Өтегенұлының шығармашылығы мен еңбегі халыққа тиесілі. Енді қазақстандық эстрада аңызының қолжазбалары, наградалары, фотоальбомдары, сыйлықтары, кітаптары, ордендері мен медальдары осында сақталады, өскелең ұрпақ қажет болған жағдайда таныса алады. Отбасымыздың атынан музей бұрышын ашу жөніндегі осы игі бастаманы қолдағаны үшін барлығына алғыс білдіремін», - деді Дарико Хасанғалиева.

