Алматыда сегізінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 13 жастағы жасөспірім аман қалды. Төрт рет ота жасалған бозбала ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлер шұғыл ем жүргізген. Алғашқы екі тәулікте мамандар баланың өмірлік маңызды ағзаларының қызметін тұрақтандыруға күш салған. Кейін жағдайы жақсарған соң оған ота жасалды.
Аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетали Мақұлбековтің айтуынша, операциядан кейін айтарлықтай асқыну болмаған. Үшінші күні жасөспірім жансақтау бөлімінен травматологияға ауыстырылған.
Дәрігерлерден құралған топ науқасқа барлығы төрт рет ота жасап, өмірін сақтап қалды. Операцияларға хирургтер Бақытқали Қожаханов пен Әділжан Нұров, анестезиолог Медетали Мақұлбеков және ассистенттер Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты.
Аурухана директорының орынбасары Құрметбек Тоқтардың сөзінше, сегізінші қабаттан құлаған баланың аман қалуы – дәрігерлер үшін де ерекше жағдай. Қазір оның жағдайы жақсы. Алда жасөспірімді толық қалпына келтіру және оңалту кезеңі күтіп тұр.
Қазіргі уақытта бозбала ауруханадан шығарылып, емін тұрғылықты жеріндегі емханада жалғастырады.