Астанада 27 жастағы әйел мен екі жасар баланың қаза болуына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Қайғылы оқиғаға дейін әйелдің тұрғын үйге кірген сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Кадрлардан әйелдің таңғы сағат 04:30 шамасында бірнеше сөмкемен көпқабатты үйге кіргенін көруге болады. Алдын ала ақпарат бойынша, ол аталған үйдегі жалдамалы пәтерге келген. Арада шамамен алты сағат өткен соң көпқабатты үйдің маңында қайғылы жағдай болған.
Куәгерлердің мәліметінше, сенбі күні таңертең әйел 15-қабаттан құлап, төменде жүрген екі жасар баланың үстіне түскен. Ауыр жарақат салдарынан екеуі де оқиға орнында көз жұмған.
Үй тұрғындарының бірі Кенжекүл қайғылы жағдайдың алдында әйел адамның қатты айқайлаған дауысын естігенін айтты.
«Баланы жұбатып отырғанмын, қызым үй жинап жүрген. Кенет әйелдің шыңғырған дауысы естілді. “Жас келіншек шығар” деп ойладым. Артынша қызым терезеге жүгіріп барып, “Авария болды ма?” деп алаңдады», – деді ол.
Тұрғындардың айтуынша, оқиғадан кейін әйелді іздеп келген немесе оның туысы екенін айтқан адамдарды байқамаған. Осыған байланысты кейбір көршілері оның пәтерде жалғыз тұрған болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Дегенмен әйелдің кіммен бірге тұрғаны және оның нақты отбасылық жағдайы әзірге ресми түрде айтылған жоқ.