KZNEWS.KZ
Қоғам

Алматы облысында әкесі мен ұлы тұрғындарға оқ атты деген күдікке ілінді

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Алматы облысы Қосөзен ауылында жолдағы жанжалдан кейін әкесі мен ұлы тұрғындарға оқ атты деген күдікпен ұсталды. Куәгерлердің айтуынша, жол үстінде басталған жанжал кейін төбелеске ұласып, күдіктілер үйінен пневматикалық қару алып шыққан. Салдарынан үш адам жарақат алған. Оқиғадан кейін ауыл тұрғындары жиналып, жанжал шығарған отбасының елді мекеннен көшірілуін талап етті, деп хабарлайды kznews.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Кеше кешкісін таксиден келе жатып, осы көшемен төмен түсіп бара жатқанмын. Қарсы бетке шығып кеткен көлікке жол беру үшін жол жиегіне шықтым. Содан олар айналып келіп, көліктен түсе сала мені ұра бастады. Әкесі құшақтап ұстап тұрды, ал екі баласы екі жағымнан ұрды. Дабыл басып едім, олар көлігіне отырып, қашып кетті. Арттарынан қуып келгенімде, мені дубинкамен ұрды. Көліктің нөмірі жоқ еді. Жүргізуші де жас бала болды”, – деді ол.

Жанжалдың даусын естіген ауыл тұрғындары оқиға орнына жиналған. Алайда олар жанжалды тоқтатуға әрекеттенген кезде жағдай одан әрі ушығып, тұрғындарға оқ атылған.

Атыс болған жерде көліктердің сынған әйнектері мен қан іздері қалған. Тұрғындардың айтуынша, жанжалға қатысқандардың бірі үйінен пневматикалық қару алып шығып, жиналған адамдарға оқ атқан. Оқ адамдарға да, көліктердің терезелеріне де тиген.

Атыстан кейін полиция үш адамды ұстаған. Оның екеуі – әкесі мен ұлы. Ал үшінші адамды ауыл тұрғындары төбелесті тоқтатуға тырысқан азамат деп сипаттайды. Олардың айтуынша, ол да оқ тиіп жарақат алған.

Ауыл тұрғындары отбасының көшірілуін талап етті

Оқиғадан кейін келесі күні Қосөзен ауылының тұрғындары қайта жиналды. Олар жанжалға қатысы бар отбасының ауылдан кетуін және оқ атқан адамдардың жауапқа тартылуын талап етті. Сонымен қатар тұрғындар төбелесті тоқтатуға араласқан азаматтың ұсталуына наразылық білдірді.

Ауыл тұрғыны Светлана Денистің айтуынша, бұл отбасының әрекетіне қатысты шағымдар бұған дейін де болған. Оның сөзінше, олар ауыл жастарына қоқан-лоқы көрсетіп, кәмелетке толмаған баланы көлік жүргізуге жіберген.

“Әкімдік, жанайқайымызға құлақ асыңыздар. Өтініш, бұл отбасыға 48 сағат уақыт беріп, ауылдан көшіріп жіберіңіздер. Олар кәмелетке толмаған баланы көлік жүргізуге отырғызып жүр. Ауыл жастарына да қоқан-лоқы көрсетеді. Тұрғындарға оқ атқан әкесі мен баласы қатаң жазаға тартылсын. Ал мен баламның босатылуын талап етемін. Ол тек араша түсуге тырысты, өзі де оқтан жарақат алды. Көлігіне де оқ тиді”, – деді Светлана Денис.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

“Қазір қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, әрбір қатысушының әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.

Қосөзен тұрғындары енді ауыл әкімдігіне ұжымдық арыз түсіруді жоспарлап отыр. Олар жанжалға қатысы бар отбасының ауылдан көшірілуін талап етіп, бұл мәселе шешілмейінше елді мекендегі тыныштықтың қалпына келетініне күмән келтіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда кафеде ер адам келушілердің бірінің бетіне оқ атқаны туралы жазған едік. 

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →