«Бір тамшы су тамбасын!» – Нәлібаев тәртіпті Алматы әуежайынан бастады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Алматы - Алатау арасы, Аэротаксимен барасың: eVTOL сынақтан сәтті өтті

Алматы - Алатау арасы, Аэротаксимен барасың: eVTOL сынақтан сәтті өтті
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алатау қаласында алғаш рет eVTOL әуе таксиі ұшырылды. Мұндай сынақ Орта Азияда бірінші рет өтіп отыр.

Электр қуатымен жұмыс істейтін аэротакси көлік кептелісін азайтуға, туристік нысандарды байланыстырып, діттеген жерге тез жетуге мүмкіндік береді. Сағатына 200 шақырымды еңсереді. Қуаты да 200 шақырымға шақталған. Бір ұшқыш пен бес жолаушыны тасымалдай алады. Он үш электрқозғалтқышпен жабдықталған. Басқа көлік түрлерімен салыстырғанда дыбысы әлдеқайда бәсең және көмірқышқыл газын шығармайды.

Ал Алатау қаласында өткен таныстыру кезінде аэротакси қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы сынақ жолаушысыз өткізілді. Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, жоба отандық көлік саласының тарихындағы айтулы жаңалық екенін атап өтті.

- Өздеріңізге белгілі, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойды. Қала келешекте экономикалық өсім үшін қолайлы экожүйеге айналады. Ал бұл жоба озық технологиялар мен «ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам. Осындай заманауи ұшып-қону құрылғыларын дамытуға күш салып жатқан «Alatau Advance Air Group Ltd.» командасының еңбегі ерекше құрметке лайық. Аталған бастама Алатау қаласын инновациялар мен цифрландырудың басты орталығы ретінде дамыту тұжырымдамасымен толық үндеседі. Жобаға 250 млн доллар инвестиция тартылған. Бұл – Alatau City дің болашағына деген жоғары сенімнің көрінісі. Бүгінде еліміз жаһандық технологиялық өзгерістерді сырттай бақылап қана қоймай, олардың белсенді қатысушысына айналды. Көк аспанды бағындырған әуе таксилерінің сапары сәтті әрі қауіпсіз болсын. Орталық Азиядағы заманауи авиацияның жаңа дәуірі дәл осы біздің өңірден бастау алғаны – бәріміз үшін үлкен мақтаныш, – деді аймақ басшысы.

Айтпақшы, eVTOL әуе таксиінің ұшып-қонуы үшін қуаттау және навигациялық жүйелермен жабдықталған вертипорттар пайдаланылады. Оларды қала ортасына ғимарат шатырларына, көлік тораптарына және бизнес-кластерлерге орналастыруға болады екен. Қазір Alatau City-де алғашқы вертипорттың құрылысы басталып кетті. Болашақта Алатау қаласы, Алматы және Алматы облысының туристік аймақтарында вертипорттар желісін құру жоспарланып отыр. Маршруттар өңірдің негізгі көлік тораптарын байланыстырады деп күтілуде.

Осы іс-шара барысында аэротаксимен қатар жүк тасымалдайтын дрондар мен цифрлық навигация платформасы да таныстырылды.

Қазір әлем бойынша жолаушы тасымалдайтын аэротаксилер әлі сынақтан өткізіліп жатыр. Әзірге инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары әзірленуде. 2029 жылға қарай іске қосылуы мүмкін. Бұл жоба тек өңірдің ғана емес еліміздің әуе тасымалын дамытуға серпін беретіні сөзсіз.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.