Кейінгі статистикалық мәліметтер ел тұрғындарының табыс деңгейі біртіндеп өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, биылғы I тоқсанының қорытындысы бойынша тұрғындардың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары көрсеткіш екен.
Жалпы, табыстың өсуі ел экономикасындағы оң өзгерістердің, еңбек нарығындағы белсенділіктің және азаматтардың кіріс көздерінің кеңеюінің бір көрінісі екені даусыз. Осы жерде қазіргі нақты ақшалай табыс индексінің де оң динамиканы көрсетіп, 2025 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 0,1 пайызға артқанын айтуымыз керек.
Әлбетте, халық табысының негізгі бөлігін еңбек қызметінен түсетін кірістер қалыптастырады. Бұл қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы мен экономикалық белсенділігінің сақталғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, 2026 жылдың I тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табыстары мен тұтыну мүмкіндіктері де жоғары деңгейде қалыптасты. Яғни, статистикалық деректер азаматтардың экономикалық жағдайындағы тұрақтылықты көрсетеді.
Демек, соңғы жылдардағы жалақыны арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік бағдарламаларды дамыту бағытындағы шаралар халық табысының өсуіне ықпал етуде. Экономикалық саясаттың басты мақсаты осы оң үрдісті жалғастырып, азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту екенін тағы еске алып қойған дұрыс.
Қорыта айтқанда, биылғы алғашқы тоқсандағы көрсеткіштер Қазақстан халқы табысының өсім бағыты сақталғанын және ел экономикасында тұрақты даму үрдісі жалғасып келе жатқанын аңғартады.
Айтпақшы, өңірлердегі табыс деңгейінде экономиканың құрылымы мен өндірістік әлеуетіне байланысты айырмашылықтар байқалады. Ең жоғары көрсеткіштер дәстүрлі түрде ірі өнеркәсіптік және мұнай-газ саласы дамыған аймақтарда қалыптасқан.
Атап айтқанда, Атырау облысында жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс 323,7 мың теңгені құрап, республика бойынша ең жоғары деңгейдің бірін көрсетті. Бұл өңірдегі мұнай-газ секторының, жоғары жалақылы өндіріс орындарының және инвестициялық жобалардың ықпалымен байланысты. Бұл - бірінші.
Екіншіден, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 278,3 мың теңге деңгейінде қалыптасты. Өнеркәсіп, тау-кен металлургия кешені және өңдеу саласының дамуы өңір тұрғындарының табысына оң әсер етуде. Екі мысалда да халық табысына әсер ететін факторлар нақты көрсетілген.
Сонымен қатар бірқатар өңірлерде де халық кірісінің тұрақты өсімі байқалады. Яғни, аймақтардағы экономикалық белсенділік, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерлікті қолдау шаралары тұрғындардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етіп отыр.
Ал Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарасақ, табысы төмендеу өңірлер қатарында Жамбыл облысы - 166,8 мың теңге табыс және Жетісу облысы 173,9 мың теңге табыс көрсеткішімен кіріп отыр екен. Бұл аймақтарда ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы халық кірісін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жалпы, 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштер ел бойынша халық табысының өсу үрдісі сақталғанын көрсетеді. Өңірлердегі өндіріс көлемінің артуы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы және жұмыспен қамту шаралары азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды факторлардың бірі болып отыр.