Депутаттың пікірінше, әлеуметтік желідегі былапыт сөздермен күресу қажет. Әсіресе мұндай жазбаларды балалардың да көретінін ескеру керек. Алайда жаза құқық бұзушылықтың ауырлығына сай болуы тиіс.
Қазіргі ұсыныс бойынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабындағы ұсақ бұзақылық туралы норма әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған балағат сөздерге де қолданылмақ.
Аталған баптың екінші бөлігіне сәйкес, бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.
Гүлзира Атабаева соттарға жазаның бірнеше түрін таңдау мүмкіндігін беруді ұсынды. Оның ішінде жоғары мөлшердегі айыппұл да болуы мүмкін. Бұл әр істің мән-жайын ескеріп, жаза тағайындауға мүмкіндік береді.
Министр депутаттың ұсынысын қолдады
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев депутаттың ұсынысын жалпы қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, мақсат – адамдарды жаппай қамау немесе жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу.
«Біздің мақсатымыз – құқық бұзған адамды қалай да қамау немесе жазалау емес. Керісінше, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беретін нормалар қабылдау», – деді министр.
Арман Қырықбаев бұл мәселені құқық қорғау органдары өкілдері қатысатын жұмыс тобында қосымша талқылауға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта әлеуметтік желідегі балағат сөз үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу, сондай-ақ заңсыз контентті жоймаған платформаларға жаза қолдану ұсынылған.