Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жаңа Алатау қаласынан Алматыға аэротакси арқылы 10–15 минутта жетуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Алатау Қытайдан тыс жерде алғаш рет аэротакси немесе дрондарды 120 метрден жоғары биіктікте ұзақ қашықтыққа сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін орынға айналады. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе тек Қытайдың Шэньчжэнь қаласында жүзеге асырылған. Биылдан бастап іске кірісеміз деп үміттенеміз. Қазірдің өзінде АҚШ-тың осы саладағы жетекші компанияларының бірі — Joby Aero және қытайлық AutoFlight компаниясымен келіссөздер жүргізіп, бірқатар құжаттарға қол қойдық», — деді Бозымбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда квадропорттар салынып, олар Алатау, Қонаев, Алматы қаласының бірнеше нүктесі мен туристік аймақтарды байланыстырады. Туристер аэротакси арқылы Медеуге, тау кластерінің кез келген жеріне және Қапшағай жағалауына жете алады.
«Бұл бағыт бойынша жылына шамамен 8 миллион турист келеді деп бағалап отырмыз. Бұл — үлкен айналым, сондықтан бұл әлеуетті тиімді пайдалануымыз керек. Аэротаксилер шамамен сағатына 300–350 км жылдамдықпен ұшады. Алатау, Алматы облысы және Алматы арасындағы алғашқы кезеңде, алдағы екі-үш жыл ішінде, жол жүру уақыты 10–15 минутты құрайды. Бұл арнайы бөлінген бағыттар бойынша ұшатын ұшқышсыз авиация болады», - дейді вице-премьер.