KZNEWS.KZ
Аймақ

Ақтөбелік шатыр арқылы түрмеден қашып кеткен

• Жарқын Омаров
ашық дереккөз

Ақтөбе облысында 33 жастағы ер адам ғимараттың осал тұсын пайдаланып, уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.

«Диапазон» мәліметінше, ер адам көлікті мас күйінде басқарғаны үшін сотталған. Бұған дейін ол жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан көлік тізгініне отырған.

Сот үкімі шыққаннан бірнеше күн өткен соң ол Бадамша ауылындағы уақытша ұстау изоляторынан қашуға әрекет жасаған.

Кешкі серуен кезінде сотталған адам аспалы құлыпты ашып, көрші аулаға өткен. Кейін қабырғаның шығыңқы бөлігін бұзып, арматураны сындырып, шатырға көтерілген. Одан соң тікенекті сымнан асып өтіп, изолятор аумағынан шығып кеткен.

Қашқын Кемпірсай ауылын жаяу басып өтіп, Ақтөбе бағытына қарай жолға шыққан көлікке отырған. Алайда ол қалаға жете алмаған. Сол күні полиция қызметкерлері ер адамды ұстады.

Қашқаны үшін сот оған 1,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейінгі іс бойынша өтелмеген жазасы да ескеріліп, жалпы жаза мерзімі екі жыл болып белгіленді.

Енді ер адам жазасын жалпы режимдегі колонияда емес, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейтін болады.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →