Әйелдің сөзінше, ол ЭКО бағдарламасына дайындалып жүрген және процедура алдында тістерін емдету үшін жеке клиникаға барған. Алайда тіс емдеу және жұлу барысында химиялық күйік алып, кейін көпбейінді ауруханаға түскен.
Қазір Гүлжанат Құлмырзина бірнеше тісінен айырылғанын, жүйке талшықтары зақымданып, бетінде өзгеріс пайда болғанын айтады. Оның сөзінше, алда бірнеше күрделі операция күтіп тұр. Денсаулығындағы өзгерістер ЭКО арқылы ана атану жоспарына да әсер еткен.
Оқиғадан кейін клиника қызметіне ресми тексеру жүргізілген.
Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы Нұрлыгүл Бисенованың айтуынша, пациентке көрсетілген стоматологиялық көмектің бір бөлігін тиісті жоғары медициналық білімі жоқ маман көрсеткен.
"Бұл жағдайда пациентке стоматологиялық көмекті кәсіби білімі бар, яғни орта медициналық білімі бар маман көрсеткен. Біліктілігі – дантист. Ал стандартқа сәйкес, бұл деңгейде көмекті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс", – деді ол.
Тексеру барысында пациентте күрделі кариес болғаны да анықталған.
Арнайы комиссияның шешімімен орта медициналық білімі бар дантистке айыппұл салынып, клиникаға оны қызметтен шеттету жөнінде талап қойылған.
Гүлжанат Құлмырзина клиникаға қатысты сотқа талап-арыз түсіргенін айтты. Оның сөзінше, жауапкер тарап әзірге дауды бейбіт жолмен реттеу жөнінде келісімге келмеген.
Қазір әйел денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-домын жалғастырып, алдағы операцияларға дайындалып жатыр.
Дереккөз: КТК телеарнасы