Қайғылы оқиға Ақтөбедегі №1 көпсалалы аурухананың қоймасында болған. Өрт салдарынан Жандарбек Сатыбалдиев ауыр күйік алып, сол күні көз жұмған. Марқұм ауруханада он жылдан астам дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Биыл зейнетке шыққанымен, еңбек қызметін медициналық мекеменің оттегі қоймасында жалғастырған.
Қазіргі уақытта өрт болған қойма тергеу жүргізу үшін мөрленген.
Марқұмның жалғыз ұлы Қазыбек Сатыбалдиев әкесінің өліміне қатысты бірқатар сұраққа жауап ала алмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, ауыр күйік алған әкесін ауруханада шамамен үш сағат ұстап, содан кейін ғана басқа медициналық мекемеге ауыстырған.
"Осындай жағдайда күйік шалған адамды, 95 пайызға дейін, көмектесетін жағдайы болмаса, неге Жедел медициналық жәрдем ауруханасында ұстаған? Үш сағат не үшін ұстайды?! Тергеуге алу үшін ұстай ма? Түсінбедім!" – дейді Қазыбек Сатыбалдиев.
Ол оттегі баллондары сақталатын қоймада өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған болуы мүмкін деп есептейді.
"Оттегі қоймасында ешбір ағаш не өртенгіш заттар болмауы керек екен. Ішіне адам қонбауы керек екен. Мына жағдайда ішінде матрас тұрған, адам жататын, демалатын орын болған, жылытқыш тұрған", – деді марқұмның ұлы.
Қазыбек Сатыбалдиев аурухана басшылығы оқиғаның нақты мән-жайын жасырмақ болды деп күдіктенеді.
Ақтөбедегі №1 көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев қоймада адамдар түнегені туралы мәліметті растаған жоқ. Оның айтуынша, өрттен кейін төтенше жағдайлар қызметкерлері аурухананың оттегі станциясын жауып тастаған. Сондықтан зардап шеккен жұмысшыны оттегімен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар басқа медициналық мекемеге ауыстыруға тура келген.
"Оттегі станциясы болды ғой. ТЖ келіп, соны жауып тастады. Сондықтан біз сол жаққа жібердік. Қазір қойма жұмыс істеп тұр. Ол жерде кім ұйықтағанын білмеймін. Ол ұйықтап жатты деп кім айтты?" – деді Азамат Тұрышев.
Жұмысшының өліміне байланысты Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы арнайы тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Ведомство өкілдері оқиға орнын қарап, қажетті құжаттарды жинауға кіріскен.
"Жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына келіп, көзімен көріп қайтты. Төтенше жағдайлар департаментіне инспекция тарапынан сұрақ жіберілді. Оқиға куәгерлерімен сөйлесіп, құжаттарын, бәрін қараймыз", – деді облыстық еңбек инспекциясы департаментінің бас маманы Еркебұлан Омар.
Бұдан бөлек, аурухана қоймасындағы өртке қатысты үш сараптама тағайындалған. Өрт қауіпсіздігі талаптарының ықтимал бұзылуы бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Марқұмның отбасы қайғылы жағдайдың қалай болғанын анықтау үшін тексеру комиссиясына өтініш білдірген. Қазір жұмысшының өліміне не себеп болғаны, қоймадағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы және медициналық көмек көрсету барысындағы әрекеттер тексеріліп жатыр. Түпкілікті қорытынды тергеу мен сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады.