Қазақ киносы мен театрының абызы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуі елді терең қайғыға батырды. Ұлы тұлғаның қазасынан кейін оның үшінші некесінен туған қызы Сағина көпшілікке бұрын айта бермеген ішкі сезімдерімен бөлісті, деп kznews.kz тілшісі Todayinfo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Желідегі парақшасында Сағина Әшімова әкесіне деген сағынышын жүрекжарды сөздермен жеткізіп, оқырмандарды толқытты.
"Әкем… жүрегімнің ішінде жүрегі. Сізді сөзбен суреттеу мүмкін емес. Сағыныш үнсіз, бірақ өте ауыр. Амал дәптеріңіз әрдайым ашық болсын. Біз сізді әрдайым сағынып, сүйіспеншілікпен еске аламыз", – деп жазды ол Instagram-да.
Бұған дейін берген сұхбаттарының бірінде Асанәлі Әшімовтің соңғы жары Бағдат Әшімова Сағинамен арадағы қарым-қатынас туралы да ашық айтқан еді. Оның сөзінше, бүгінде 21 жасқа толған Сағина – көрікті әрі ақылды бойжеткен.
Дегенмен, жасөспірімдік кезеңде отбасында түсініспеушіліктер де болған.
"Үш-төрт жасынан бастап оны демалыс күндері өзімізге алып тұратынбыз, жазғы демалыста да қасымызда жүрді. Рас, өтпелі кезеңде бір-бірімізді түсіну қиын болды, ол мені әкесіне қызғанатын", – деп еске алған еді Бағдат Әшімова.