KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Айжан Аймағанова қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды

Қайсар Қанат
Айжан Аймағанова. Видеодан кадр: t.me/quryltairesmi

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова Конвенцияны ратификациялау заң үстемдігін нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға және қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан бұл бағытта 2001 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Ал 2025 жылғы 18 маусымда Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті Қазақстанды Конвенцияға қосылуға шақырған.

Халықаралық келісім талаптарына сәйкес, Еуропа Кеңесіне мүше емес мемлекет Конвенцияға Министрлер комитетінің шақыруымен қосыла алады. Қосылу туралы құжат Бас хатшыға тапсырылғаннан кейін Конвенция 90 күннен соң күшіне енеді.

Айжан Аймағанова қылмыстық істерді тергеуде мемлекеттер арасындағы жедел ақпарат алмасудың маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

"Бүгінде қылмыстар бір мемлекеттің шегінде қалмайды: дәлелдемелер, куәлар, жәбірленушілер, күдіктілер мен активтер әр елде болуы мүмкін. Сондықтан тергеп-тексерудің тиімділігі қажетті мәліметтерді шетелден жедел алуға және процестік әрекеттерді уақтылы жүргізуге байланысты", – деді Айжан Аймағанова.

Заң жобасы жұмыс тобы аясында талқыланып, Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің оң қорытындысын алған.

Осыған байланысты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті құжатты бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →