Премьер-министр Олжас Бектенов түнде қатты шу шығаратын көлік пен мотоцикл жүргізушілеріне жазаны күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды kznews.kz
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен түнгі уақытта қатты шу шығаратын көлік пен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
«Қатты шу шығаратын, әсіресе түнде адамдарға кедергі келтіретін көлік пен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Бұл мәселені біз бірнеше рет талқыладық. Неғұрлым қатаң шаралар қабылдау қажет, өйткені түнде олар адамдардың тыныштығын бұзады», – деді Премьер-министр.
Ішкі істер министрі полицияның тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, құқық бұзушыларды анықтауға бейнекамералар мен азаматтардың 102 нөміріне хабарласуы көмектеседі.
Сәденовтің айтуынша, жыл басынан бері көліктер мен мотоциклдердің қатты шу шығаруына байланысты 782 дерек тіркелген. Барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 55 адам қамауға алынған.
Құқық бұзушылардың көліктері мен мотоциклдері айыптұраққа қойылады. Министр бұл бағыттағы жұмысты күшейтетінін айтты.
Алайда Бектенов айыппұлмен шектелмей, оларды қамауды тапсырды.
«Тиісті тапсырма берілді. Мұндай жағдайда айыппұлмен шектелмеу керек, құқық бұзушыларды қамау қажет», –деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Бектенов бұған дейін қоғамдық орындардағы граффити үшін жаза енгізуді тапсырған болатын.