Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым енгізіп, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыруды ұсынды.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын орындау жөніндегі министрлердің баяндамаларын тыңдады. Жиында әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, балалардың әлеуметтік кепілдіктері, экология, вандализм, құрылыс және жол сапасы мәселелері қаралды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды», — деді Олжас Бектенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік көмек пен жеңілдіктерді атаулы түрде көрсетуге көшу жоспарын таныстырды. Бірінші кезеңде 36 төлемнің 14 түрін қамтитын мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне қажетті нормативтік база әзірленеді. Екінші кезеңде әкімдіктер көрсететін 13 түрлі әлеуметтік көмек төрт түрге біріктіріледі. 2027 жылдан бастап ардагерлерге қолдауды мұқтаждық қағидаты бойынша көрсету ұсынылды.
Сондай-ақ ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру, бөбекжайлардағы орын санын арттыру және бала күтімі кезеңіндегі әйелдерге қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды.
Мүгедектікті белгілеу кезінде жасанды интеллект қолдану нәтижесінде медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталған. 18 647 жағдайда әртүрлі адамдардың деректерінде бірдей мәліметтер тіркелген.
Олжас Бектенов әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға көрсетілуі маңызды екенін айтты.
«Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек», — деді Премьер-министр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге, МӘМС жүйесіне 1,7 трлн теңге бөлінгенін айтты. Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін пациенттер саны 2018 жылғы 1,9 млн адамнан биыл 3,4 млн адамға дейін өскен.
Диспансерлік есепте есту қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала тұр. Президент тапсырмасына сәйкес балаларға арналған есту аппараттарын өндіруді іске қосу үшін Денсаулық сақтау және Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері жол картасын әзірлейді. Өндіріс басталғанға дейін әкімдіктерге аппараттарды сатып алуды қаржыландыру тапсырылды.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 10 оңалту орталығы ашылып, онда 1 250 бала көмек алып жатыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 1-4 сыныптардағы 1,4 млн оқушы және әлеуметтік осал санаттағы 5-11 сыныптардың 230 мың оқушысы мектеп тамағымен қамтылғанын баяндады. Бұл мақсатқа 2026 жылы 210 млрд теңге қарастырылған.
Мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» жұмыс істейді. Оларға 125 мыңнан астам бала қатысады. «Жасыл мектеп» ұлттық моделі қазір 85 білім беру ұйымында сынақтан өтіп жатыр, кейін оны 1 мың мектепке дейін кеңейту жоспарланған.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров тазалықтың ұлттық стандартын бес бағыт бойынша әзірлеуді ұсынды: экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығы.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері шамамен 10 мың қоқыс орны жойылып, 7 млн ағаш отырғызылған. Сонымен қатар 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылып, 560 мыңнан астам экологиялық сынып сағаты өткізілді.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, 2026 жылдың басынан бері экологиялық акцияларға 2 млн-ға жуық жас қатысқан. Мемлекеттік қолдаумен ҮЕҰ-ның 60-қа жуық әлеуметтік жобасы іске асуда. Алматы, Астана және Қарағандыда үш эко-хаб жұмыс істейді.
Жиында вандализм мәселесі де қаралды. ІІМ мәліметінше, мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысандарды бүлдіруге қатысты 11 қылмыстық іс тергелді. Еріктілермен бірге есірткі граффитиі деп аталатын 80 мың жазу мен сурет өшірілген. Есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін 81 қылмыстық іс қозғалып, 19 адам сотталған.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым енгізіп, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыруды ұсынды.
«Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылықты болдырмау үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін “граффитидің” барлық түрлеріне толық тыйым салу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауы қажет», — деп тапсырды Премьер-министр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс сапасын бақылауды күшейту шаралары туралы баяндады. Жыл басынан бірыңғай құрылыс порталы іске қосылып, жобаларды сараптау кезінде жасанды интеллект құралдарын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Барлық облыста урбанистика саласындағы ұйымдар құрылды.
«Мемлекет басшысы Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына, жасампаздық мекеніне айналуы қажеттігін және құрылыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Үкімет құрылысты қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек. Міндетін адал атқармайтын мердігерлерге қатысты қатаң жауапкершілік шараларын қолдануды тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Астана Урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерге тарату қажеттігін атап өтті.
«Аталған орталық қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобаларды, қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді дайындайтын маңызды құрылым болып табылады», — деді ол.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық жолдардың 91%-ы талаптарға сәйкес келеді. Елді мекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 71%.
Жол құрылысына бес сатылы сапа бақылауы енгізіліп, пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылды. Көлік министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қалааралық және республикалық жолдардың сапасын қамтамасыз ету, халық шағымдарына жедел ден қою және жобалардың мерзімінен кешігуіне жол бермеу тапсырылды.
Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.