Бұған дейін kznews.kz порталы Абай облысы, Аякөз ауданына қарасты Айғыз ауылындағы ауыз су мәселесі туралы екі рет материал жариялаған болатын. Өкінішке қарай, ауылдағы ауыз суға қатысты дау әлі тоқтамағанға ұқсайды.
Алғашында біз тұрғындардың шағымы бойынша елді мекендегі ауыз су мәселесінің шешілмей келе жатқанына алаңдаушылық білдірген едік. Одан кейін ауыз су мәселесі бойынша жергілікті шенеуніктердің Айғыз ауылына арнайы келіп, тұрғындармен кездескені туралы жарияладық. Онда Аякөз ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жолдыбекұлы ауылға арнайы келіп, қирап жатқан ауыз су жүйесін көзбен көргені айтылған. Яғни, аудан шенеунігі халыққа уәде беріп, бұзылған су жинау қондырғысының 30-шілдеге дейін жөнделетінін айтқан.
Тұрғындар бұл уәжге тоқтағанымен, атқамінерлер арасындағы сөз мұнымен бітпеген көрінеді. Яғни, ауыз суға қатысты дау өрши түскен.
Мәселеге орай kznews.kz порталына қайта хабарласқан ауыл тұрғындары су құбырының жөндеу жұмыстары жақын күндері аяқталатынына сенімсіз екендерін айтты. Өйткені, кездесу болғаннан бері үш күн уақыт өтсе де, жөндеу жасайтын мекеме тарапынан ешқандай әрекет байқалмаған. Ал аптап ыстықтың күшейгені ауыз суды өлшеп қолданып отырған адамдарға екі есе ауыр тиіп отыр екен.
Алайда, ауыл тұрғындары жағдайдың екінші жағы да бар дейді. Олардың пікірінше, аудан басшылығы мәселенің өзіне емес, тұрғындардың наразылығын баса алмай жағдайдың әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде жариялануына жол берген Айғыз ауылдық округінің әкіміне қатысты қызметтік тексеруге мән беріп отыр екен.
Анығында, ауыл әкімі Мереке Сыдықов өзінің кадр бөліміне түсініктеме жазғанын растайды. Ол бұл мәселеде өзінің қызметтік өкілеттігіне сәйкес, тұрғындардың сұрауы бойынша су жинайтын қондырғының қазіргі жағдайын түсіндіріп, адамдарды ертіп барып көрсеткенін және әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға қатысы жоқ екенін айтады.
- Айғыз ауылындағы ауыз су мәселесі 2026 жылдың көктемінде күрделене түсті. 16 сәуірде ауылдағы су сақтайтын мұнара құлап, содан бері су жүйесі толыққанды жұмыс істемей келеді. Қазір ауылға су уақытша жөнделген желілер арқылы беріліп жатқанымен, оның тұрақтылығы жоқ. Бірде су келсе, бірде тоқтап қалады, - дейді ауыл тұрғыны Төлеуғазы Бексұлтанов.
Тұрғындар жауапты мекемелерге бірнеше мәрте хабарласқанын айтады. Алайда, мәселені шешу жұмыстары баяу жүріп, мердігер ұйым мен жауапты органдар арасындағы үйлестіру жеткіліксіз болған.
Яғни, ауыл тұрғындары жөндеу жұмыстарының созылуына, техниканың жеткіліксіздігіне және қазылған аумақтардың уақытында қалпына келтірілмегеніне наразылық білдірген. Өйткені, су жүйесін қалпына келтіруге қажетті қаржы мәселесі де дер кезінде шешілмеген. Соның салдарынан жөндеу жұмыстары кешігіп, тұрғындар күнделікті тұрмыста қиындықтарға тап болған.
Ал мәселе әлеуметтік желілерде көтерілгеннен кейін ғана аудан басшылығының назарын аударған.Тұрғындардың айтуынша, осыдан кейін ғана жауапты тұлғалар ауылға барып, жұмыстарды жеделдету туралы тапсырмалар берген. Айғыздықтардың ендігі талабы ауылды тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болып отыр. Сонымен бірге олар жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын, істің не себепті ұзаққа созылғанын анықтап, жауапты тұлғаларға баға беруді сұрайды.
- Осы мәселелерді жиі көтеріп, ауданға хат жазып жүрген ауыл әкімінің әрекеті жоғарыдағы кейбір лауазымды басшыларға ұнамай қалған болуы керек, кеше әкімді шақырып, түсініктеме жаздырыпты. Мұның аяғы тәртіптік кеңеске салумен бітетін сияқты. Сонда ауыл тұрғындарының талабына көніп, ауыз су мәселесін айтқан әкім неге жазықты болуы керек? Бұл Президент Тоқаев жүргізіп отырған "Еститін билік" саясатына сай келе ме?- дейді бізге хабарласқан Айғыз ауылының тұрғындары.
Тоқетерін айтқанда, Айғыз ауылының әкімі ауыз су мәселесін көтергені үшін жауапкершілікке тартыла ма?
Әлбетте, бұл сұрақтың жауабын Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Аякөз ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айбек Нұғымаровтан күтеміз.