Қазақстандық актер Алмат Сақатов отбасылық өмірі, шығармашылық жолы және жарына жасаған қателіктері туралы ашық әңгімеледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Актердің айтуынша, гастрольдік сапарлар мен өнердегі қарбалас тіршілік оның отбасынан алыстауына себеп болған. Сол кезеңде жұрттың ықыласына бөленген танымал шоу құрамында өнер көрсетіп, жеке өміріне немқұрайлы қараған кездері болған.
«Әйелімді өте көп ренжіттім, тентек болдым, қыздармен көп жүрдік. Гастрольде көп жүрдік. Халық сүйетін мықты, нөмірі бірінші шоу болдық. Топырлаған қыз-қырқын... Біз өзімізді бір сері сезіндік. Бірақ үйде ұл тауып беріп отырған, қыз тауып отырған әйеліңнің отырғанын айлап ұмытып кететін кезіміз болған», – деді Алмат Сақатов.
Өнер иесі сол жылдары отбасындағы түсініспеушіліктерді дұрыс шеше алмағанын да айтты. Актер кей жағдайда өз қателігін мойындаудың орнына ашуға беріліп, жұбайын ренжіткенін өкінішпен еске алды.
«Өзіміздің қателігімізді біле тұра, соны мойындамау үшін бір-екі рет сілтеп жіберген кезіміз де болды. Өкінемін, әрине. Иә, мен нағыз есі дұрыс күйеу болған жоқпын», – деді ол.
Сақатов жарының көңілін табу үшін гүл немесе сыйлық алып, арнайы кешірім сұрауға барған адам болмағанын да жасырмады. Оның сөзінше, мұндай әрекет мінезіне тән емес.