Елордадағы 129 учаскеде дауыс берген Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева рефендум күнін елдің болашағын айқындайтын тағдыркешті күн деп атады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Бүгін елдің болашағына әсер ететін халықтық Конституцияға дауыс беріп жатырмыз. Сондықтан, бүгін тағдыркешті күн. Халық Конституцияға дауыс берген жағдайда, біз жаңа бір белеске көтерілеміз. Осы Конституция арқылы қазіргі күрделі геосаяси дәуірде өзіміздің құндылықтармызды, саяси басымдықтарымызды айқындаймыз. Ең басты құндылығымыз - Тәуелсіздік. Сол тәуелсіздігімізді нығайтамыз десек, басымдықтарымызды қайта қарау керек. Ол ғылым, білім, инновация, мәдениетке берілген. Қазіргі қолданыстағы Конституцияда ондай басымдықтар көрсетілмеген. Білімді, ғылымы дамыған, мәдениетті ел алда болады. Сондықтан, қазақстандықтар бүгін дұрыс таңдау жасап, ел болашағына үлес қосады деп ойлаймын. Таңертеңнен бері қазақстандықтар үлкен белсенділік танытып жатыр, бұл олардың саяси көзқарасы, ашық қоғам пайда болғанының жарқын көрінісі", - деді ол.
Министр «Әйел адам вице- президент болуы мүмкін бе, өзіңізді осы қызметке лайықты деп санайсыз ба» деген сауалға қызмет маңызды емес, ел дамуына қалай үлес қосуды ойлау керек деп жауап берді.
«Бұл жерде саяси қызметтегі әрбір тұлға өзінің жұмысында ең бастысы елдің дамуына үлес қосамын дегенді ойлау кеерек. Қандай лауазымда болсын – вице-президент, министр, басқарма басшысы болсын маңызды емес. Сондықтан, менің ойымша, қай лауазым болсын білімімді, күш-қуатымды, бар ерік- жігерімді, тәжірибемді елімнің дамуына қосамын», - деді Аида Балаева.