Ұлытау облысында 300 пәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Вице-президент кім болуы мүмкін: Саясаттанушылар ықтимал кандидаттарды атады

Вице-президент кім болуы мүмкін: Саясаттанушылар ықтимал кандидаттарды атады
Фото-коллаж: Dalanews

Қазақстанда қайта енгізілген вице-президент лауазымына кім тағайындалатыны жақын күндері белгілі болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамыздағы брифингте бұл қызметке қоғамға жақсы таныс тұлға келетінін және оның есімі он күн ішінде жарияланатынын айтқан. Осыған байланысты Dalanews.kz саясаттанушылар Асылбек Ізбайыров пен Толғанай Үмбетәлиевадан ықтимал кандидаттар туралы пікір сұрады.

Жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президентті Құрылтай депутаттарының көпшілік даусымен берілген келісім негізінде Президент тағайындайды. Бұл қызметке 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұрақты тұрған және жоғары білімі бар азамат үміткер бола алады.

Саясаттанушы Асылбек Ізбайыровтың пікірінше, вице-президенттің нақты міндеттері алдағы уақытта Президент пен жаңа лауазым иесі арасындағы жұмыс бөлінісіне қарай айқындалуы мүмкін. Ол Мемлекет басшысы сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөлсе, вице-президент ішкі саясат пен экономика мәселелеріне жауап беруі ықтимал деп есептейді.

Сарапшы бұл қызметке қазіргі Премьер-министр Олжас Бектеновті, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты, Астана әкімі Жеңіс Қасымбекті, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты және Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековті лайық тұлғалар ретінде атады. Оның сөзінше, олардың барлығында мемлекеттік басқару мен өңірлік мәселелерді шешуде жеткілікті тәжірибе бар.

Асылбек Ізбайыров әсіресе Олжас Бектенов пен Жеңіс Қасымбектің тәжірибесіне назар аударды. Ол Бектеновтің күрделі кезеңде Үкіметті басқаруын, ал Қасымбектің орталық мемлекеттік органдар мен өңірлік басқарудағы тәжірибесін олардың артықшылығы деп бағалады.

Ал саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева вице-президент тек тәжірибелі шенеунік емес, саяси жүйені жақсы түсінетін, стратегиялық ойлайтын және өз бетінше шешім қабылдай алатын тұлға болуы керек деп санайды. Сондай-ақ кандидат қазақ халқының дәстүрі, әдебиеті мен өнерін терең білуі және халықаралық жағдайдан хабардар болуы қажет екенін айтты.

Үмбетәлиева аға буын саясаткерлерінің арасынан Әкежан Қажыгелдин мен Иманғали Тасмағамбетовті атады. Дегенмен Қажыгелдиннің ұзақ уақыт шетелде тұруы Конституциядағы соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұрақты тұру талабына сәйкес келмеуі мүмкін.

Ал жаңа буын өкілдері арасынан сарапшы Қайрат Сарыбай, Дәурен Абаев және Мәулен Әшімбаевтың есімдерін атады. Оның пікірінше, үшеуінің де саяси және дипломатиялық тәжірибесі жаңа қызметке сай келеді.

Қайрат Сарыбай ұзақ жылдар сыртқы саясат саласында еңбек еткен кәсіби дипломат ретінде белгілі. Дәурен Абаев Президент Әкімшілігі, ақпарат, мәдениет және дипломатия салаларында қызмет атқарған. Ал Мәулен Әшімбаев мемлекеттік басқару, саяси сараптама және парламент саласында тәжірибе жинаған.

Айта кетейік, Қазақстан тарихында вице-президент қызметін алғаш Ерік Асанбаев атқарған. Ол 1991 жылы бұл лауазымға тағайындалып, қызмет 1996 жылғы 22 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жойылған еді.

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер