Абай облысында құтқарушылар бес күн бойы далада жарақаттанып жатқан малшыны тірі күйінде тапты, деп хабарлайды kznews.kz.
1969 жылы туған ер адам 17 наурыз күні Абай ауданындағы шаруа қожалығынан жылқымен мал іздеуге шығып, қайта оралмаған. Оның телефоны өшірулі болып, нақты орналасқан жері белгісіз болған.
Іздеу жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері, полиция мен жоғалған адамның туыстары жұмылдырылды. 22 наурыз күні таңертең іздеу тобы малшыны далада тапқан.
Белгілі болғандай, алғашқы күні-ақ оның астындағы жылқы құлап кеткен. Жануарды тұрғызуға тырысқан кезде ер адам оның астында қалып, аяғын сындырып алған. Жылқы қашып кетіп, малшы жалғыз қалған. Ол бес күн бойы қар жеп күнелткен. Ауа райының салыстырмалы түрде жылы болуы оның үсіп қалмауына көмектескен.
Құтқарушылар малшыға ыстық шай беріп, оны Ақшоқы ауылына жеткізіп, медициналық көмек көрсеткен.
ТЖМ алыс аймақтарға шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтауды еске салады.