Аймақтардың дамуына қатысты сөз қозғалғанда, өңір әкімдерінің орталыққа жиі қарайлап, республикалық бюджетке алақан жаятыны өтірік емес. Біз бұл тақырыпты жиі көтеріп жүрміз. Әсіресе, субвенция бөлінісіне қатысты сөз бөлек. Бүгін де осыны жалғастырамыз.
Жалпы, субвенция дегеніміз кірісі шығыстарын толық жабуға жеткіліксіз жергілікті бюджетке республикалық бюджеттен берілетін қаржы. Мұндағы мақсат өңірдің негізгі бюджеттік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беру екенін де ұмытпауымыз керек. Бірақ, оның көлемі шексіз емес екенін тағы ескертуге тиіспіз. Өкінішке қарай, облыстар арасында субвенцияға "жатып алу" үрдісі дәстүрге айналып бара жатқанға ұқсайды.
Мысалы, Абай облысына 2027 жылы республикалық бюджеттен берілетін субвенцияны 421 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Енді бұл қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатыны және өңірдің өз кірісін арттыруға қаншалықты ықпал ететіні маңызды. Қолда бар деректерге сүйене отырып, талдап көрейік.
Абай облысы бойынша тексеру комиссиясының 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне сәйкес, өңірдің жиынтық бюджет кірісі 472,4 млрд теңге, шығысы 481,1 млрд теңге болған. Салық түсімдері 144 млрд теңгеге жуықтап, бекітілген жоспардан 7,4 пайызға асыра орындалған.
Бір қарағанда, бұл бюджет кірістерін жинау бойынша оң нәтиже деуге болады. Алайда, кірістің құрылымына үңілсек, республикалық қолдаудың үлесі басым екенін көреміз. Яғни, облыс бюджетінің кірісі республикалық трансферттерге тәуелді. 2025 жылы салық түсімдері жоспардан асыра орындалғанымен, жиынтық бюджет кірісінің 65 пайызы трансферттер есебінен қалыптасты.
Атап айтқанда, 2025 жылы Абай облысының жиынтық бюджетіне 307,7 млрд теңге трансферт түскен. Бұл жалпы кірістің 65,1 пайызына тең. Ал салықтық түсімдердің үлесі шамамен 30,5 пайыз болған.
Әлбетте, бұл жердегі трансферттерді түгелдей субвенция деп түсінуге болмайды. Оның құрамына нысаналы трансферттер мен басқа да аударымдар кіреді. Сондықтан өңірдің республикалық бюджетке тәуелділігін бағалағанда субвенция мен трансферттердің жалпы көлемін ажырату қажет болады.
Мәселен, Абай облысына бөлінетін субвенция 2024 жылы 234,9 млрд теңге, 2025 жылы 251,8 млрд теңге, 2026 жылы 265,9 млрд теңге болған. Ал 2027 жылға 421,05 млрд теңге қарастырылып отыр екен. Осылайша, 2027 жылы субвенция 2026 жылмен салыстырғанда 155,2 млрд теңгеге немесе 58,4 пайызға өседі.
Әлбетте, мұндай өсімнің нақты себебін бюджет құжаттарының негіздемесінсіз айтуға болмайды. Оған шығыстар көлемінің өзгеруі, бюджеттік міндеттемелер немесе бюджетаралық қатынастардағы шешімдер әсер етуі мүмкін. Бірақ, 155 млрд теңгеден астам қосымша қаражаттың қандай қажеттілікке бағытталатыны да ашық көрсетілуі керек шығар...
Әрине, мәселенің екінші жағы да бар. Субвенцияның өсуі өздігінен өңір экономикасының нашарлағанын білдірмейді. Алайда, республикалық қолдау ұлғайған кезде жергілікті кірістердің динамикасы мен бюджет шығыстарының тиімділігі туралы талап екінші орынға түспеуге тиіс.
Салық демекші, 2025 жылы облыстың жиынтық бюджетіне 143,97 млрд теңге түсім түскен. Жоспар 134,06 млрд теңге болғанын ескерсек, бюджетке 9,91 млрд теңге артық түскен. Бірақ, салық жоспарының орындалуы экономиканың тұрақты дамығанын өздігінен дәлелдемейді. Түсімнің өсуіне кәсіпорындардың пайдасы, жалақы қоры, салық әкімшілендіруі және басқа факторлар әсер етуі мүмкін.
Жалпы, Абай облысының экономикалық көрсеткіштері де біркелкі емес. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 616,2 млрд теңгеге жетіп, нақты мәнде 6,8 пайызға өскен. Өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 102,9 пайызды, құрылыс жұмыстарының көрсеткіші 106,2 пайызды құраған. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібінің нақты көлем индексі 97,3 пайыз болған. Демек, бұл салада нақты өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмендегені байқалады.
Деп келгенде, бұл көрсеткіштер өңір экономикасында өсім бар екенін, бірақ, оның барлық салада бірдей жүріп жатпағанын көрсетеді.
Айтпақшы, 2025 жылы Абай облысының жиынтық бюджет шығыстары 481,1 млрд теңге болған. Шығыс жоспарының 6,9 млрд теңгесі игерілмеген. Бюджет тапшылығы 19,06 млрд теңгені құраған. Десе де, бұл сандардың өзі қаражат тиімсіз жұмсалды деген қорытынды жасауға жеткіліксіз. Игерілмеген қаржының қандай бағдарламаларға тиесілі екенін, жобалардың не себепті орындалмағанын және тапшылықтың қалай қаржыландырылғанын ынталы және ықпалды құрылымдар анықтаған болса керек...
Екіншіден, Абай облысы үшін мәселе республикалық көмек алуда емес, сол қаражаттың өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық әлеуетін арттыруға қаншалықты ықпал етуінде болса керек. Яғни, 2027 жылға жоспарланған субвенцияның 421 млрд теңгеден асуы осы міндеттің маңызын күшейтеді. Қазірдің өзінде аймақ басшысы Берік Уәли мен оның командасының берілетін қосымша қаражаттың қандай шығыстарға бағытталатыны, жергілікті кірістердің өсуіне қалай әсер ететініне қатысты нақты жоспары бар сияқты. Оның ішінде өңірдің республикалық бюджеттен бөлінетін қолдауға тәуелділігін қалай азайтуға болатыны да айқындалған деген үміттеміз.
Тоқетерін айтқанда, Абай облысында салық түсімдері жоспардағыдан асыра орындалғаны мен инвестиция көлемінің артқаны туралы ақпараттық пропагандаға бой ұрғанда аймақтағы жиынтық бюджет кірісінің басым бөлігі трансферттерден құралғанын да ұмытпауымыз керек.