KZNews.kz
Шоу-бизнес

Ахметжан Есімовтің қызметінен денсаулығына байланысты кеткені рас па?

Еркебұлан

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Сергей Куянов 29 наурызда «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы қызметінен босатылған Ахметжан Есімовтің денсаулығына қатысты желіде тараған ақпаратқа жауап берді.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Kozachkov offside telegram-каналында Ахметжан Есімовтің «уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты оның міндеті Алмасадам Сәтқалиевке жүктелетіні» жайлы Үкімет қаулысы шыққаны туралы ақпарат жарияланды.

«Өздеріңіз көргендей, 29 наурызда Ахметжан Есімов ресми іс-шараға белсенді қатысып, әріптестерімен, ұжыммен кездесті.

Үкімет қаулысындағы тұжырымға келетін болсақ, бұл - бірнеше жағдайдың жиынтығы. Бір күн бұрын Есімов мырза ПТР-тест тапсырып, күтпеген жерден оң нәтиже берді. Мұндай тұжырымның үкіметтік құжатта пайда болуы содан. Бірақ екінші рет ПТР-тест тапсырғанда, нәтижесі теріс болды, яғни бірінші нәтиже қате болған», - деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» өкілі.

29 наурызда «Самұрық-Қазына» қорының жаңа басшысы таныстырылып, Ахметжан Есімовтің орнына Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды. Қордың бұрынғы басшысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет басшысы Асқар Мамин атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

Еркебұлан
Журналист
Автордың басқа материалдары →