KZNEWS.KZ
Экономика

Агрологистика + агроөндіріс: терең өңдеудің тетігі кімнің қолында?

Фото: aqorda.kz

Президент биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға басымдық беріп, табысты жобаларды ел аумағында кеңінен таратуды тапсырды.

Мемлекет басшысы қазір жүзеге асып отырған жобаларды мысалға келтірді. Мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде елімізде 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған. Олар жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Ақмола облысында шетелдік тәжірибеге сүйенген ет кластері құрылып жатыр. Қызылордада жүгері мен соя өсіріп, өңдеу, Түркістанда су үнемдейтін мақта-тоқыма кластерін құру да агроөнеркәсіптің қосылған құнын арттыруға бағытталған.

Алайда, бұл саладағы негізгі мәселе өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, шикізатты дайын өнімге айналдыру, тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру және су мен қаржы ресурстарын тиімді пайдалану болып отыр. Яғни, Үкімет инвесторларды қолдаумен қатар, мемлекеттік қаражаттың қайтарымын, жаңа жұмыс орындарын және өңдеу қуаттарының нақты нәтижесін бағалауы қажет. Осы мақсатта Президент мұндай жобаларға қосымша қаржы бөлуге болатынын айтты. Бірақ, қаржыландырудың тиімділігі жобалардың санына емес, олардың экономикалық нәтижесіне байланысты болатынын да атап өтті.

Сондай-ақ, агроөндірісті ілгерлету бағытында агрологистика да қанаттаса дамуға тиіс. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев "Өндіру және өңдеу жұмысымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдірген жөн" деді. Яғни, еліміздегі ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдаланатын мүмкіндік болуға тиіс.

 - Жалпы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек. Бұл стратегиялық маңызы бар міндет, - деді Тоқаев. 

 Сондықтан да Үкімет пен "Бәйтерек" холдингіге бірлесіп, нақты шешімдерді қабылдау қажеттілігін айтты.

 - Экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін өнімді терең өңдеумен айналысатын, еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық берген жөн. Бұл – басты талап. Әсіресе, ірі инфрақұрылымдық бастамаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндірген жөн. Мұндай жобалар "Халықтық құрылыс" бағдарламасының тірегіне айналуы керек деп санаймын, - деді өз сөзінде Президент.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →