"Әділет" партиясы: "жаңа дегеніміз ұмытылған көне" ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Әділет" партиясы: "жаңа дегеніміз ұмытылған көне" ме?

"Әділет" партиясы: "жаңа дегеніміз ұмытылған көне" ме?
Фото: Рауан Кенжеханұлы ФБ парақшасынан

Бұған дейін елімізде "Әділет" атты жаңа саяси партия құрылатыны туралы хабарлағанбыз.

Мәлімдеме жасаған тастамашыл топ өкілдері құрамына 16 адам енген болатын. Олардың қатарында бизнес, білім беру, қоғамдық сектор өкілдерімен қатар, құқық қорғау ұйымдарының мүшелері де бар. Жаңа саяси ұйым конституциялық реформаларды қолдайтынын, заң үстемдігін нығайтуды және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуын жақтайтынын айтуда.

Сондай-ақ, партия құру туралы бастамашыл топ құрамында белгілі қоғам қайраткерлері Рауан Кенжеханұлы, Қарлығаш Жаманқұлова, Динара Закиева, Марат Шибутов сынды танымал тұлғалар бар.

Ал кеше ұйымдастыру комитеті "Саяси партиялар туралы" заңға сәйкес, «Әділет» партиясын тіркеуге өтініш пен тиісті құжаттарды тапсырды. Бұл туралы ұйымдастыру комитетінің заңды өкілі Рауан Кенжеханұлы хабарлады.

- Жаңа партияны тіркеуге кірістік. Соның ішінде бастамашыл топ құрамына 700 Қазақстан азаматы енуі қажет деген талап артығымен орындалды. Әділет министрлігі талапқа сәйкес құжаттарды қарап, "Әділет" саяси партиясын құру рәсімдерін бастауға рұқсатын берді,-деп жазды әлеуметтік желіде Рауан Кенжеханұлы.

Елге танымал медиатұлға, халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы бұған дейін үлкен саясатқа қадам басқанын айтып, жазба жарияланған еді.

"Мен жаңа "Әділет" партиясын құру бастамашыларының бірімін. Біздің мақсатымыз – әділетті және баршаға тең мүмкіндік ашатын Қазақстанды нығайту. Біз әр азаматтың үні естілетін, мүддесі еленетін, заң үстемдігі күмәнсіз, білім мен еңбек арқылы табысқа жетуге болатын қоғам қалыптастыруды көздейміз. "Әділет" партиясы – өзгерісті қалайтын және оны ақылмен, жүйелі түрде жүзеге асырғысы келетін азаматтардың таңдауы. Біз бірге әділ қоғам, әлеуеті зор Ел құра аламыз!" дейді ол өз сөзінде.

Айтпақшы, саяси аренада "Әділет" партиясы деген атау бұған дейін де танымал болған. 2004 жылы құрылған "Әділет" партиясы сол кезеңдегі Қазақстанның саяси жүйесінде институционалдық партиялардың бірі болды. Оның негізін белгілі заңгер, бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаев қалаған болатын.

2013 жылы Нәрікбаевтың партиясы "Руханият" партиясымен бірігіп, "Әділет" атауы қолданыстан шықты. Кейіннен бұл партия да "Бірлік" саяси құрылымына қосылып, жеке субъект ретінде өмір сүруін тоқтатты.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.