KZNews.kz
Сарапшы пікірі

Әдеп кодексі әлсіз бе?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Азаматтық қоғам мен атқарушы жүйенің арасындағы алшақтық жер мен көктей екенін жасыруға болмас. Әсіресе, биліктегі шенді мен шекпендінің бұқара халықты басқару тәсіліне қатысты сын көп айтылады.

Өкініштісі, әртүрлі деңгейдегі басшылардың адами ұстанымы мен кәсіби білігінің төмендігі тұтас мемлекеттік басқару жүйесіне көлеңке түсірген жағдайлар аз емес. Осыдан барып мемлекеттік қызмет сапасына жауапты тұлғаларға деген сенім азайып кетті. Әлбетте, мемлекеттік қызмет сапасы мен қоғамның билікке деген сенімі тікелей атқарушы қызметшілердің мәдениеті мен мінез-құлқына байланысты.

Біздің елде бұл бағыттағы жауапкершілікті "Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі" деген құжат реттейді. Бірақ, бұл заң емес, қағаз жүзінде мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен адалдығын қамтамасыз ететін маңызды құжат саналады. 2015 жылдың 29 желтоқсанында қабылданған бұл Кодекстің басты мақсаты мемлекеттік қызметшілердің адалдық, әділдік, ашықтық және кәсібилік қағидаттарын нығайту, қоғам алдында олардың оң имиджін қалыптастыру екен.

Осы кодекске сәйкес еліміздегі әрбір мемлекеттік қызметші қоғам мүшелерімен қарым-қатынаста әдепті және сыпайы болуы, өз өкілеттігін жеке мүддесіне пайдаланбауы, қызметтен тыс уақытта да мемлекеттік қызмет беделін түсірмеуі тиіс деген қағидаларға бағынады. Ал аталған әдеп нормалары бұзылған жағдайда қызметшіге ескерту, сөгіс немесе қызметінен босату тәрізді тәртіптік жаза қолданылады-мыс. Кодекстің орындалуын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен әдеп жөніндегі уәкілдер бақылайды.

– Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі – бұл қоғам алдындағы сенім мен жауапкершіліктің негізі. Әдептілік пен әділдікке сүйенген қызмет қана ел дамуы мен азаматтардың игілігіне бағытталады, – депті бір сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аты айтып тұрғандай, Әдеп кодексінің әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары болуы керек еді. Өкінішке қарай, дәл қазір қоғамда мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мүлдем жұмыс істемей отыр. Кодекске сәйкес, шенеуніктердің артынан сөз ермеуі тиіс еді, алайда сөзі бір басқа, ісі бір басқа шенеуніктер бар. Мұндай мысалдар ел алдында жүрген ер-азаматтардың кәсіби қызметін атқару кезіндегі әдеп пен мораль қағидасына қатысты үлкен сұрақ туындатады.

Жалпы, мемлекеттік қызметшінің кәсіби жұмысына қатысты қадағалау мен жазалау қағидасын екі бағытта қарастыру керек сияқты. Әрине, бірінші кезекте заң нормаларын қатаң сақтау. Шенеуніктің заңды бұзуы қалыпты түсінікке айналғаны жасырын емес. Ол көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қатысты әшкере болып жатады. Дерекке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айы аралығында ғана жалпы 640 адам сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінген екен. Бұл тізімде әкімдік қызметкерлері топ жарады. Яғни, Әдеп кодексіне адал болуы тиіс тұлғалар арасындағы заң бұзу жоғары деген сөз. Мысалы, жақында сот үкімі шыққан екі оқиғаны алайық, екеуі де бір өңірде - Солтүстік Қазақстан облысында болған. Айыртау ауданындағы білім бөлімінің есепшісі шамамен 39,8 млн теңге көлемінде мемлекет қаржысын жымқырса, Тайынша ауданындағы ТҮКШ бөлімі басшысы мемлекеттік сатып алу арқылы 15,9 млн теңгеге жалған келісім жасап, ұсталған екен. 

Мұндай мысалды барлық облыстан, әр ауданнан келтіруге болады. Қазір мұндай лас істерді анықтап, күресумен ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі айналысады. Бірақ, анықталған жемқорлардың азаймауы шенеуніктердің Әдеп кодексін былай қойып, қылмыстық жауапкершілікке апаратын заң талаптарына пысқырмайтынын көрсетіп отыр.

Ал Әдеп кодексіне қатысты қадағалау мен шара қолдану жұмысы тек бейәдеп сөз айтып қалған, жұмыс барысында жанжал шығарған қызметшілердің мінез-құлық әдеттері жиналысқа салумен шектеледі екен. Демек, Әдеп кодексінің салмағы әлсіз екені білінеді. Қызмет этикасын сақтамау, қоғам алдындағы мемлекеттік қызметші міндетін дұрыс атқармаудың мысалы ретінде лауазымды қызметтегі шенеунік С.Жұманғариннің журналистерге қарата "Жынымды келтірмеші" деуінің өзі жеткілікті шығар.

Айтпақшы, биыл аймақтар бойынша "боқтампаз" шенеуніктердің лидері ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеуханды айтуға болар. Шенеуніктің тұрғындармен кездесу кезінде жүйкесі сыр беріп, бейәдеп сөз айтқан болатын. Ал оған қызмет барысында әдепсіздік көрсеткені үшін Әдеп кодексіне сәйкес шара қолданып, қатаң сөгіс берілген екен...
Әрине, жекелеген шенеуніктердің бірді-екілі әрекетіне қарап тұтас мемлекеттік қызмет жүйесіне күйе жағуға болмайды. Ел ішінде өз ісіне адал азаматтар жеткілікті.

Айтпақшы, биылғы есеп бойынша елдегі мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 84 482 адам екен. 

Ал түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызмшілердің штат саны 91 555 бірлік шамасында. Бұл сан аз ба, көп пе, білмедік, алайда осынша адамның әдеп пен мораль қағидаларын айшықтайтын арнайы құжаттың арасалмағын қайта екшейтін уақыт жеткен сияқты...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары