Төрехан Сабырхан Қытай боксшысын 3 рет нокдаунға түсіріп, финалға өтті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Адам өлтіріп, 25-қабаттан секіріп кетті: Астанада күдіктіге қатысты сот өтуде

Адам өлтіріп, 25-қабаттан секіріп кетті: Астанада күдіктіге қатысты сот өтуде
Фото: depositphotos.com

Астанада әйелді ұлдарының көз алдында пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген Ержан Иманқұловқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 19 маусымында болған. Елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адам бірге тұратын әйелге балалардың көзінше бірнеше рет пышақ сұғып, кейін өзі 25-қабаттан секіріп кеткен. Әйел сол жерде көз жұмса, күдікті аман қалған.

Иманқұловтың ісі бойынша сот отырысы 27 наурызда аяқталып, үкім шығарылады деп күтілген. Тараптар соңғы сөздерін айтып, шешімді тыңдауға дайын болған. Алайда судья Айжан Құлбаева күтпеген жерден сот тергеуін қайта жалғастыру туралы шешім шығарды. Оның айтуынша, процесс барысында жаңа мән-жайлар анықталған.

6 сәуір күні тергеу қайта басталды. Отырыстың алдында марқұмның әпкесі сол күнгі жағдайды баяндап берді.

"Полиция келгенде, сіңлім дем алмай жатқан. Бірақ олар 112-ге қоңырау шалып, аман алып қалуға, көмек көрсетуге тырысқан. Олар 25-қабаттағы әпкемнің пәтерін қарап шығып, лифт арқылы төмен түскен, ауланы тексерген, сол сәтте бәрі тыныш болған. Кейін қайтадан 25-қабатқа көтерілген, содан кейін рация арқылы біреудің ауладағы көліктің үстіне құлағаны хабарланған", – дейді Алуа Сайдалинa.

Сот барысында жәбірленуші тарап күдіктінің психологиялық-психиатриялық жағдайына қайта сараптама жүргізуді сұрады. Бұған дейінгі қорытындыларға сәйкес, 25-қабаттан құлаған кезде айыпталушы ауыр жарақаттар алған, оның ішінде бас-ми жарақаты да бар, әрі бірнеше операция жасалған.

Оны бірнеше рет медицина сарапшылары тексеріп, соңында "сотқа барып, қорғану құқығын пайдалана алмайды" деген қорытынды шығарған. Сонымен қатар, сарапшылар Ержан Иманқұлов әйелді ұрып, пышақ жарақатын жасаған сәтінде психикалық ауытқу жағдайында болғанын, өз әрекеттерін түсінбегенін және бақылауға қабілетсіз болғанын айтқан.

Оған қоса, Иманқұловта антероградты және ретроградты амнезия бар екені айтылды, яғни ол жарақатқа дейінгі және кейінгі оқиғаларды есіне түсіре алмайды.

Жәбірленушілердің өкілдері бұл қорытындылармен келіспей, оны қайта қарауды талап етті.

"Оның амнезиясы дәл сол сәттерге, өзі үшін есте сақтау тиімсіз сәттерге ғана қатысты екен. Дәл сол күн ғана есінде жоқ. Өйткені екі күн бұрын не істегені есінде, әпкеммен аквапаркта болғанын айтып отыр. Сондай-ақ ол айыптаушыдан істі 99-баптан 101-бапқа (аффект жағдайында өлтіру) қайта саралауды сұраған. Миына зақым келген психикалық ауытқуы бар адам мұндай қорытынды жасай алмайды. Оның сұрақтарға берген жауаптарына қарағанда оның дені сау", – дейді марқұмның әпкесі.

Мемлекеттік айыптаушы Азат Барболов бұл өтінішті қолдамады. Оның пікірінше, бұрын жүргізілген сараптамалар жеткілікті және қосымша тексерудің қажеті жоқ.

Нәтижесінде судья Айжан Құлбаева бұл өтінішті қанағаттандырмады, яғни қайта сараптама жүргізілмейтін болды. Дегенмен Иманқұловты тексерген сарапшылар шақырылып, олардың түсініктемелері тыңдалады.

"Айыптаушының оны қайта тексеруге қарсы шығуын түсінбеймін. Егер оның шын мәнінде осындай ауыр диагноздары болып, миына зақым келген болса, біз оны қабылдауға дайынбыз, ол жағдайда күдікті арнайы мекемеде емделсін. Ал егер сараптама басқа қорытынды көрсетсе, онда Иманқұлов сотқа келіп, өз әрекеттері үшін заң алдында жауап берсін. Біз тек әділеттілікті қалаймыз", – деді марқұмның әпкесі.

Еске салайық, 2025 жылдың маусымында Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адам бірге тұратын әйелді балаларының көз алдында пышақтап өлтіріп, кейін 25-қабаттан секіріп кеткен болатын. Марқұмның артында 7 және 10 жастағы екі ұлы қалды. Ал күдікті ауладағы автокөліктің үстіне құлап, тірі қалған.

Автор
Дархан Тоқан

Журналист. Блогер. Фрилансер