Қазақстанның 71% мұғалімі өз жалақысына көңілі толады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Абылай хан Цин империясына алым-салық төлеген бе? Семейде тарихи шындық айтылған ғылыми еңбек жарық көрді

Абылай хан Цин империясына алым-салық төлеген бе? Семейде тарихи шындық айтылған ғылыми еңбек жарық көрді
Фото: Шәкәрім университеті баспасөз қызметі

Абай облысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен маңызды жиын өтті. "Абай облысының тарихи археологиялық мұрасы: алғашқы зерттеу нәтижелері" атты кең ауқымды конференцияны Ә. Марғұлан атындағы Археология институты және Шәкәрім университеті бірлесіп ұйымдастырған екен.

Жалпы, Абай облысы көне дәуірлерден сыр шертетін, археологиялық ескерткіштерге бай, әлі де кешенді зерттеуді қажет ететін өңір. Соңғы жылдары жүргізілген далалық барлау, қазба және зертханалық сараптамалар нәтижесінде тың деректер алынып, ғылыми айналымға енгізіле бастады. Ал аталған конференция барысында археологиялық материалдарды цифрландыру, сақтау, интерпретациялау мәселелері де кеңінен талқыланды.

Жиынға арнайы қатысқан Қытай Халық Республикасындағы Нанкин университетінің профессоры, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженхан қазақ тарихына қатысты Қытай мұрағаттарында сақталған бірегей деректер туралы баяндады.

Ғалымның айтуынша, Қытай архивтерінде қазақ жеріне, оның ішінде Абылай хан дәуіріне қатысты мыңдаған құжат сақталған. Бұл деректер тек қытай тілінде ғана емес, маньчжур, шағатай, қалмақ тілдерінде жазылған. Зерттеуші осы материалдарды жүйелі түрде қарастырып, 2004 жылдан бері кешенді ғылыми жұмыс жүргізіп келеді екен.

Өз сөзінде ғалым Бақыт Еженхан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында маньчжур деректерін зерттеуге мүмкіндік туғанын атап өтті. 2004–2008 жылдары он томға жуық ғылыми еңбек жарық көрген. Ал биыл Семейде басылған «Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынастары» атты екі томдық зерттеу соңғы он бес жылдық еңбектің қорытындысы болып отыр.

Ғалым ерекше тоқталған құжаттардың бірі "Шың дәуіріндегі қазақтар туралы дәптер" деп аталады. 207 беттен тұратын бұл деректе 1761–1783 жылдар аралығында қазақ елінің Цин сарайына жасаған 16 елшілік миссиясы туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар көне карталар мен миниатюралық бейнелер де кездеседі.

Зерттеудің маңызды тұстарының бірі Абылай хан мен Цин империясы арасындағы дипломатиялық хат алмасуларға қатысты болып отыр. Бұған дейін қытай тіліндегі нұсқалар негізінде Абылай хан Цин патшалығына бодан болып, алым-салық төлеген деген тұжырымдар айтылып келген-ді. Алайда, қалмақ тіліндегі түпнұсқа құжаттарды салыстыра зерттегенде мазмұны мүлде өзгеше екені анықталған.

Мәселен, 1761 жылғы хатында Абылай хан қазақ жерінің атақоныс екенін, қазақ халқы өз мекенінен ығысып, көшпейтінін ашық білдірген. Ол Цин билігін қазақ жерінің аумақтық тұтастығын мойындауға шақырған. Бұл деректер қазақ-қытай қатынастарына қатысты тарихи пайымдарды қайта қарауға негіз бола алады.

Жалпы, Қытай мұрағаттарындағы материалдар тек өткеннің ізі ғана емес, ұлттық тарихымызды жаңаша тануға мүмкіндік беретін құнды қазына. Археологиялық зерттеулер мен шығыстану бағытындағы мұндай кешенді жұмыстар Абай облысының ғана емес, тұтас қазақ тарихының жаңа парақтарын ашатыны сөзсіз.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.