KZNews.kz
Әлеумет

Абай облысы тұрғындары көмірдің қымбаттауына шағымданды

KZNEWS
Фото иллюстрация: kznews

Өкінішке қарай, ауыл-аймақты былай қойып, үлкен қалалардың маңындағы елді мекендерде көмір жағып, күл тасып отырған тұрғындар қатары қалың. Бұл еліміздегі көгілдір отынмен қамту мәселесінде нақты істен гөрі құрғақ есептің көп екенін аңғартады. Жә, бұл басқа тақырып. Дәл қазір бізді көмір саудасындағы баға қызықтырады. 

Дерекке сүйенсек, Қазақстан жыл сайын орта есеппен 112 миллион тонна "қара маржан" өндіреді екен. Оның 9 миллион тоннадан астамы тұрмыстық тұтынуға жұмсалады. 65-70 миллион тоннасы елдегі жылу-энергетикалық орталықтардың сұранысын қамтиды. Қалғаны сыртқы нарықта сатылады.

Ал аймақтардағы көмір бағасы әртүрлі. Былтырғымен салыстырғанда "қара маржанның" құны артқан. Әсіресе теміржол бойынан алыс өңірлердегі  баға шырқап тұр. Мысалға, табиғи газ отыны түсіне кірмейтін Абай облысының аумағындағы көмірдің әр тоннаға шаққандағы бағасы 25 000 теңгеден басталады дейді ресми деректер. Ал тасымалдау құны қосылғанда бұл баға 30 000 теңгенің шамасына шығады екен. Аякөзден алыстағы Шұбартау өңіріне дейінгі жүк көлігінің қызметіне ғана 15 000 теңгеден 20 000 теңге дейін үстеме қосылады. Қысы қатты әрі ұзақ болатын бұл өңір тұрғындары тек көмір ғана жағады. Демек,  шұбартаулықтардың қыстан қиналмай шығуы үшін кемі 6-7 тонна көмір қажет. Есепке салсақ, әр үйдің көмір сатып алуға жұмсайтын шығыны 200 000 теңге шамасында болмақ. 

– Аякөзде көмір 20-25 мың теңгеден сатылады. Оны біздің ауылға әкелгенше 30-35 мың теңгеге шығады. 5 тонна аламыз. Әрине, қымбат. Бірақ, қыстың суығында көмірсіз болмайды, - дейді Қосағаш ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Маржан Мұхаметқалиева.

Абай облысы әкімі Берік Уәлидің Семейді түлетіп жатқанына куәміз. Алайда алыстағы ағайынға да зейін қойғаны абзал. Себебі баға нарығындағы ахуалды қазір реттемесе, қыстың ызғарында бұл мәселе ушығып кетуі мүмкін. Ал әлеумет аязды күні ашуға мініп алуы да мүмкін.

Басқа өңірлерде қалай?

Дәл осы көмірдің бағасы Астана қаласында да көтерілген. Былтыр 18 000 теңгеден сатылған көмірдің әр тоннасы биыл 20 000 теңгеге жеткен. Қала іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындарының айтуынша, тасымал құны қосылғандағы баға 30 000 теңгенің үстіне шығады екен.

Жетісу облысында да көмірге сұраныс азаймай отыр. Кейінгі бес жылдықта аймақта газдандыру ісі тоқтаусыз жүріп, қисапсыз қаржы жұмсалғанына қарамастан өңір халқы әлі де "қара маржанға" тәуелді. Әсіресе, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында биыл көмір бағасы қымбаттаған. Мәселен, Алакөл ауданындағы Қабанбай ауылының тұрғындары қатты отынның әр тоннасына 30 000 теңгеден ақы төлеп, сатып алуда.

Жалпы Жетісу облысындағы 358 елді мекеннің 192-сі ғана көгілдір отынмен қамтылған. Қалған 166 елді мекен 2030 жылдың соңынан кейін толықтай табиғи газ құбырына қосылады деген дерек бар.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары