Ақтауда жанармай құю станциясында шыққан өрт салдарынан екі шетелдік азамат ауыр күйік алып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Оқиға қаладағы жанармай құю станцияларының бірінде болған. Өрт жақын маңдағы екі гаражды шарпыған.
Төтенше жағдай кезінде ғимарат ішінде екі ер адам болғаны айтылады. Дәрігерлердің мәліметінше, бір зардап шегушінің денесінің шамамен 90%-ы, ал екіншісінің 25%-ы күйік шалған.
"Жарақат алған науқастардың жағдайы өте ауыр. Олар шамамен 31-32 жаста, екеуі де шетелдік азаматтар. Алғашқы медициналық көмек түскен кезде көрсетілді. Қазір олар қатты күйікпен жансақтау бөлімінде", – деді Маңғыстау облыстық ауруханасының комбустиолог маманы Самалбек Жұмағұлов.
Өрт салдарынан үш көлік толықтай жанып кеткен, тағы үшеуі ішінара зақымданған. Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.