KZNews.kz
Шоу-бизнес

60 жастағы әженің омырауынан сүт шыққан: Айнұр Тұрсынбаеваның есімі қалай қойылды?

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Белгілі айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаеваның әкесі – елге танымал ақын, жиырмадан астам жыр жинағының авторы Серік Жұматов. Ақынның отбасылық тарихы мен Айнұр есімінің қойылуына қатысты ерекше естеліктер айтылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Semeytany.kz сайтының айтуынша, Серік Жұматов қазір Абай облысына қарасты Ақсуат ауданында тұрады. Ол Айнұрдың анасы Манатпен бір ауылда – Қарғыбада жүргенде танысқан. Манат Серіктің қарындасы Камалмен бір сыныпта оқыған екен. Сол кезде ауылда киномеханик болып қызмет атқарған Серік қарындасының құрбысына көңілі ауып, екеуі 1976 жылы шаңырақ көтерген.

Ақынның айтуынша, Манат Семейдегі медицина училищесіне оқуға түскеннен кейін жас отбасы қалаға қоныс аударады. Алайда аяғы ауыр болған соң Манат көп ұзамай ауылға қайтыпты. Серік болса Семейдегі ет консерві комбинатында жұмыс істеп жүріп, «Жастық» атты халық театрының мүшесі болғанын айтады. Сол бір жылдары тіршілік те, өнерге құштарлық та қатар жүрген.

Серіктің естелігіндегі ең әсерлі сәт – Айнұрдың есімі қойылған түн. «Айнұр мамыр айының 3 күні дүниеге келген. Айнұр туар алдында анам түсінде айдың нұрына шомылып жүрген екен. Сөйтіп анам немересіне Айнұр деп ат қойды», – дейді ол. Осыдан кейін келіні Манат оқуын жалғастыру үшін Семейге кетіп, Айнұр әжесінің қолында қалған.

Дәл сол тұста жұртты таңғалдырған жағдай болғанын Серік жасырмайды. «Сол кезде 60 жастағы анамның омырауынан сүт шыққан еді», – дейді Секең. Яғни нәрестені әжесінің өзі бауырына басып, әлпештеп өсіруге барын салған. Бұл оқиға ауыл арасында да көпке дейін айтылған естелік болып қалған.

Серіктің әкесі Зейнетай мен анасы Бақтыбала да ел ішіне ақындық өнерімен танылған жандар екені айтылады. Дегенмен Серік пен Манаттың отбасылық жолы ұзаққа созылмаған: Айнұр бір жастан асқан кезде екеуі ажырасып кеткен. Соған қарамастан, Серік Жұматов қызының елге танымал тұлғаға айналғанын үлкен мақтанышпен айтады. Әке үшін баласының абыройы – бәрінен биік екенін де жасырмайды.

Айнұр Тұрсынбаева да әке мен бата мәселесіне қатысты ойын ашық айтып жүргені көптің есінде. «Ақындық қасиет әкемнен дарыған. Әкенің разылығынсыз, оның батасын алмай, баласының жолы болмайды. Жолым ашылсын десең әкенің батасы өте қажет екенін өз басымнан өткен соң айтып отырмын», – деген болатын. Бұл сөз көпшілікке ой салып, әлеуметтік желіде де жиі талқыланған пікірлердің бірі еді.

Айтыскер ақын әкесіне құрметін іспен де көрсеткен. Ол Серік Жұматовқа Меккеге баруға жолдама сыйлап, айтыстан ұтқан автокөліктерін де сан мәрте ұсынғаны айтылады. Ал әкенің жауабы да бір ауыз сөзге сыйған: «Әкеге перзентін абырой биігінен көргеннен артық қандай сыйлық болсын», – дейді Секең.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары