Кәсіпкер Ардақ Тәукебаева айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мен оның жолдасы Нұржанның үйіне қонаққа барған кезде күтпеген жағдайға тап болғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында мысыққа қатысты оқиғаны әзіл араластыра баяндады. Кәсіпкердің сөзінше, қонаққа барған сәтте үйдегі мысық өліп қалып, олар не істерін білмей абдырап қалған.
"Құтты қонақ келсе, қой егіз табады" деуші еді. Біз келгенде мысық өліп қалды. Не қайғырарымызды, не күлерімізді білмей қалдық", – деп жазды Ардақ Тәукебаева.
Оның айтуынша, бұл жағдайдан кейін қонақтар өздерін ыңғайсыз сезінген. Сол себепті олар мәселенің бір шешімі ретінде жаңа мысық алып беруді ұйғарған.
Кәсіпкер Стамбулда демалып, қыдырудың орнына күні бойы мысық іздегендерін де әзілмен жеткізді.
"Кешке дейін мысық іздедік. Ақыры таптық. Стамбулда күні бойы мысық іздеп жүремін деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Қыдырып, шопинг жасаймыз деген жоспарымыз жайына қалды", – деп жазды ол.
Ардақ Тәукебаева жазбасының соңында мұндай жағдайда не айту керегін білмей қалғанын айтып, оқырмандарына әзілмен сұрақ қойды.