Ақтөбе облысында бұрын сотталған Шалқар қаласының экс-әкімі өзін қылмыстық жауапкершіліктен ақтап шығарамын деген әйелдің алаяқтығына тап болған. Бұл туралы сот материалдарында айтылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, бұрынғы әкімге әйел соттан ақтау үкімін шығарып беруге уәде етіп, бұл қызметі үшін 8 миллион теңге талап еткен. Сенімге кірген экс-шенеунік оған 4 миллион теңге бергенімен, уәде орындалмаған. Нәтижесінде бұрынғы әкім ақталмай, берген қаражатын да қайтара алмаған.
Тергеу барысында ақшаның ешқандай келісімшартсыз, қолхатсыз және түбіртексіз берілгені анықталды. Кейін аталған әйелдің осыған ұқсас бірнеше алаяқтық әрекетке қатысы бары белгілі болған.
Белгілі болғандай, ол сыбайласымен бірге азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспаналы етеміз деп сендіріп, қомақты қаржы жинаған. Тергеу дерегіне сәйкес, жәбірленушілерден ондаған миллион теңге алынған. Соның ішінде бір азамат оларға 47 миллион теңге бергені анықталған.
Сотта ұсынылған дәлелдер негізінде 54 жастағы әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның қылмысқа бірге қатысқан сыбайласы да дәл осындай мерзімге сотталды.
Еске салайық, Шалқар қаласының бұрынғы әкімі бұған дейін қызметтік ісіне байланысты 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын. Кейін осы жазадан құтылып, ақтау үкімін аламын деген үмітпен алаяқтың арбауына түскені белгілі болды.