Шалқар қаласының бас бостандығы 4 жылға шектелген бұрынғы әкімі алаяқтың арбауына түсті. Әйел оны ақтауға сөз беріп, миллиондаған қаражатын алған, деп хабарлайды kznews.kz. «Диапазонға» сілтеме жасап.
Сот үкімінен кейін экс-әкім шешімді өзгертуге көмектесетін адамдарды іздеген. Ол өзін заңгер ретінде таныстырған Қаламқас С. есімді әйелге жолыққан.
Ол сот шешімін ақтау үкімімен өзгертіп беру үшін 8 млн теңге сұрап, алғашқы бөлігі ретінде 4 млн теңгесін қолма-қол алған. Бұл ретте тараптар ешқандай келісімшарт жасаспаған. Кейін айыпталушы бұл ақшаны қарызға алдым деп ақталмақ болған.
Тергеу барысында күдіктінің жалғыз әрекет етпегені анықталды. Ол сыбайласы Ақбота Т.-мен бірге азаматтарға мемлекеттік бағдарламамен арендалық баспана алып беруді уәде еткен.
Жәбірленушілердің бірі астаналық «Эдельвейс» пен «Highvill» тұрғын үй кешендерінен 4 пәтер аламын деп алаяқтарға 47 млн теңге беріп қойған. Үдесінен шықпаған соң жәбірленушілер полицияға арызданған.
Сот екі әйелді де алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп таныды. 54 жастағы Қаламқас С. 6 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Ал Ақбота Т. да 6 жылға сотталды. Алайда оның кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазасын өтеу мерзімі 3 жылға кейінге шегерілді.
Сот сотталғандарға жәбірленушілерге келтірілген барлық шығынды толық өтеуді міндеттеді.