Жаңалықтар

–45°-қа дейін үскірік: 17–18 қаңтарда тұман, көктайғақ және бұрқасын күшейеді

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
–45°-қа дейін үскірік: 17–18 қаңтарда тұман, көктайғақ және бұрқасын күшейеді
Фото: : Depositphotos

17 қаңтарда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт нашарлап, кей аймақта аяз –45 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. «Қазгидромет» желдің күшеюі, бұрқасын, көктайғақ және тұманға қатысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Синоптиктер Абай облысының оңтүстік-батысы мен орталығында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жететінін айтады. Түнгі уақытта облыстың солтүстігінде 40 градусқа дейін қатты аяз күтіледі.

Ал Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында тұман түсіп, 17-18 қаңтар түндерінде –45 градусқа дейін өте қатты аяз болуы ықтимал.

Ұлытау облысының оңтүстігі мен орталығында да тұман болжанып отыр. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі және орталығында солтүстік-шығыстан, шығыстан соққан жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Жезқазғанда 17 қаңтар түні және таңертең дәл осы бағыттағы жел екпіні 15-20 м/с болуы мүмкін.

Қызылорда облысының оңтүстігінде қар жауып, бұрқасын жүріп, көктайғақ болады деп күтіледі. Шығыстан және солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, ал облыстың орталығында 23 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Қызылорда қаласында да 17 қаңтар күні жел 15-20 м/с шамасында күшейеді.

Қарағанды облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде тұман түседі деген болжам бар. Батыс, шығыс және оңтүстік бөліктерінде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетіп, түнде облыстың солтүстік-шығысында –35…–38 градусқа дейін аяз болады.

Батыс Қазақстан облысында да шығыс және солтүстік-шығыс бағыттан жел соғып, түнде оңтүстік пен шығыста екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Атырау облысының батысы, оңтүстігі және шығысында қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ күтіледі, ал шығыс бөлігінде тұман түсуі ықтимал.

Атырау қаласында 17 қаңтарда қар аралас жағдай қайталанып, күндіз желдің екпіні 15-18 м/с шамасында болады.

Алматы облысының солтүстігі мен таулы аудандарында 25 градус қатты аяз болжанса, Алматыда түнде кей уақытта қалың қар жаууы мүмкін.

Қонаевта жел бағыты солтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 18 м/с-қа дейін жетеді.

Ақтөбе облысында түнде оңтүстік пен батыста қар жауып, солтүстік, шығыс және орталықта жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Бұл өңірде жел екпіні 15-20 м/с болып, кей сәттерде 23 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін, Ақтөбе қаласында да түнгі жел 15-20 м/с деңгейінде сақталады.

Маңғыстау облысында қар жауып, көктайғақ болады: түнде оңтүстікте қалың қар түсуі ықтимал, солтүстік-шығыста жаяу бұрқасын, ал батысы мен орталығында тұман күтіледі.

Түркістан облысының батысы, солтүстігі және таулы аудандарында жаяу бұрқасын болжанып, Шымкентте түнде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ және тұман болуы мүмкін; жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Жетісу облысының солтүстігі, орталығы және таулы аймақтарында түнде –25…–27 градус қатты аяз күтіледі. Талдықорғанда 17 қаңтарда көктайғақ болып, түнгі суық –25…–26 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz