«Қазгидромет» синоптиктері 27 қаңтар күні Қазақстанның көптеген өңірінде қар жауып, бұрқасын соғып, тұман түсетінін мәлімдеді. Кей аймақтарда жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін, деп хабарлайды Kznews.kz.
Жетісу облысының солтүстігі мен батысында түнгі уақытта тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел күндіз Алакөл көлдері маңында 15-20 м/с-қа дейін үдейді.
Маңғыстау облысының батысы, оңтүстігі және орталығында түнде әрі таңертең тұман басып, көктайғақ болуы ықтимал. Сондай-ақ түнде облыстың солтүстік-шығысында 20-22 градусқа дейін қатты аяз күтіледі. Ақтауда да көктайғақ болжанып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Петропавл қаласында да тұманды ауа райы күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және шығысында тұман болады. Оралда түнгі және таңғы сағаттарда тұман түседі.
Павлодар облысының солтүстігінде тұман күтіледі.
Абай облысында түнде өңірдің шығысы, оңтүстігі және орталығында тұман түсуі ықтимал. Күндіз облыстың батысы, солтүстігі және орталығында қар жауып, бұрқасын соғады. Солтүстік-шығыстан және шығыстан соғатын жел күндіз орталық бөлікте 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз батыс, солтүстік және шығыс аудандарда қар жауып, бұрқасын соғады. Облыстың солтүстігі мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел түнде өңірдің оңтүстік-шығысында 15-20 м/с-қа дейін үдейді.
Қызылорда облысында көктайғақ болуы мүмкін. Солтүстік, оңтүстік және орталық аймақтарда тұман түседі. Қызылорда қаласында таңертең және күндіз көктайғақ күтіледі, кей уақытта тұман болуы ықтимал.
Ұлытау облысында қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың солтүстігі, оңтүстігі және орталығында тұман түседі.
Қостанай облысының оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарда тұман күтіледі.
Қарағанды облысында қар түсіп, жаяу бұрқасын соғады. Өңірдің батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман болуы ықтимал.
Ақмола облысының оңтүстігі мен шығысында аздап қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі.
26-28 қаңтар аралығында Алматы облысының солтүстігі мен оңтүстігінде кей уақытта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысып, 27-28 қаңтарда облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматы қаласында түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ күтіледі. Қонаев қаласында да түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал.