Наташа Қалымбетова Президенттен өз ісін бақылауға алуды сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.
Осыдан 32 жыл бұрын бірнеше ер адамның жыныстық зорлық-зомбылығына ұшырағанын айтқан Наташа Қалымбетова Қазақстан Президентіне бейнеүндеу жасап, өз ісін жеке бақылауға алуды өтінді.
Оның айтуынша, төрт ай бұрын болған оқиғаны алғаш рет жария еткеннен кейін құқық қорғау органдары оны Қазақстанға шақырып, арызын қабылдаған. Алайда қылмыстық іс қозғалғанымен, тергеуде айтарлықтай нәтиже болмағанын жеткізді.
Қалымбетова арада ұзақ уақыт өткендіктен куәгерлер мен нақты дәлелдердің аз екенін айтып, ең маңызды айғақ ретінде 1995 жылы дүниеге келген қызын атады. Оның болжамынша, қызы қазір АҚШ-та тұруы мүмкін.
«Мен бұл қасіретті 32 жыл бұрын бастан өткердім. Сол уақыттан бері қызымның қайда екенін білмей өмір сүріп келемін. Бұл істің соңына дейін жеткенін қалаймын», – деді ол.
Наташа Қалымбетова Мемлекет басшысынан істің әділ әрі жан-жақты тергелуіне ықпал етіп, тергеу барысын жеке бақылауына алуды сұрады.