Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Handelsblatt басылымында жарияланған мақаласында Қазақстан мен Германия арасындағы өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді ұсынды.
Оның пікірінше, екі елдің серіктестігі шикізат жеткізумен шектелмей, оны өңдеу мен дайын өнім шығаруды да қамтуы тиіс, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіретінін атап өтті. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Бұл материалдар энергетикада, өнеркәсіпте, микроэлектроника мен цифрлық технологияларда қолданылады.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Германияға тұрақты жеткізіліммен бірге толық өндірістік тізбек құруды ұсынады. Ол геологиялық барлау мен өндіруден бастап шикізатты өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Мақалада екі елдің экономикалық байланысына да тоқталған. 2025 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы сауда көлемі 9 миллиард долларға жуықтаған. Қазақстанда герман капиталы қатысатын мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Сондай-ақ еліміз Германия нарығына өңделген өнімнің 80-нен астам түрін қосымша жеткізе алады.
Президент энергетика, көлік және технология салаларындағы мүмкіндіктерді де атады. Оның келтірген дерегінше, Қазақстан Еуроодақ импорттайтын мұнайдың шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 20 пайызын қамтамасыз етеді. Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы жүк транзитінің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді.
Тоқаев жаңартылатын энергетика, электр желілерін жаңғырту, цифрландыру, жасанды интеллект, әуе жүк тасымалы және мамандар даярлауды да екі ел ынтымақтастығының келешегі бар бағыттары ретінде көрсетті.
Мақаланың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.