KZNEWS.KZ
Экономика

“2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді” - Президент экономика мен инфрақұрылым туралы айтты

• Айжан Сыланова
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу мен жаңғыртуға басымдық берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сүйеніп, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайтынын айтты. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады деп күтілуде.

«Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің де қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазір бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Президент мұны ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады.

Сонымен қатар алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан асқанын жеткізді.

Президенттің пікірінше, қолда бар экономикалық мүмкіндіктерді елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңірлердің дамуына бағыттау қажет. Осыған байланысты ол бұған дейін жарияланған ауқымды құрылыс бастамасын белсенді жүзеге асыруды тапсырды.

Жоспарға сәйкес, еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымның аса қажетті нысандары салынады. Ал Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуі керек.

«Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажеттігін айтты.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →