Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәжіліс кулуарында бұрын тапсырған табыс декларациясына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Брифинг барысында журналистер министрден декларацияда көрсетілген табыс көлемін нақтылап беруді сұрады. Ақкенженов жалақысынан бөлек өзге кіріс көздері жоқ екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, ай сайынғы жалақысы шамамен 1 миллион 200 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ журналистер сыйлықақы алған-алмағанын және декларацияда көрсетілген нақты соманы атауды өтінді.
«Бізде сыйлықақы төлемдері бар, олардың барлығы декларацияда көрсетілген. Жалпы жылдық табыс 20 миллион теңгеден сәл асады. Бұл сомаға тек жалақы мен сыйлықақылар кіреді», – деді Ерлан Ақкенженов.