Синоптиктер 18 қаңтар, жексенбіге арналған ауа райы болжамын жариялап, елдің басым бөлігінде антициклонның ықпалы күшейетінін ескертті. Шығыс пен солтүстікте қатты аяз тіркелсе, батыс пен оңтүстікте жауын-шашын мен боран болжанады, деп хабарлайды kznews.kz.
Антициклон әсерінен Қазақстанның көп өңірінде қыс мінез көрсетпек. Мамандар кей аймақтарда температураның өте төмен деңгейге дейін түсетінін айтып отыр.
Ең суық түн шығыс пен солтүстікте күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде «-45°C» өте күшті аяз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда үсік қаупі артып, сыртта ұзақ жүру аса қауіпті.
Павлодар және Абай облыстарының солтүстік бөліктерінде түнде «-40°C» сарышұнақ аяз болжанған. Қарағанды облысының батысы мен шығысында үскірік аяз «-35°C»-қа дейін жетуі ықтимал. Алматы және Жетісу облыстарында да түнгі ауа температурасы «-25…-28°C» шамасында болады деп күтіледі.
Ал елдің батысы мен оңтүстігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты жауын-шашын күшейеді. Оңтүстік өңірлерде қалың қар мен жаңбыр жауып, жауын-шашын мөлшері нормадан да көп түсуі мүмкін. Солтүстік-батыста қар жауып, жаяу боран соғады деген болжам бар.
Жалпы республика бойынша көптеген аймақта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал, жел де күшейеді. Сондықтан жолға шығарда ауа райы ескертуін қайта қарап, ұзақ сапарды кейінге қалдырған дұрыс.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға сақтықты күшейтуді ұсынады: алыс жолға шықпау, жылы әрі көпқабатты киім киіп, ашық теріні жабу, пешпен жылытылатын үйлерде өрт қауіпсіздігін қатаң бақылау маңызды. Қыс қыспағы қатайған шақта ұсақ немқұрайлылықтың өзі үлкен қатерге айналуы мүмкін.