Абай облысы Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ Сабыржанқызының қаза болуына байланысты оның анасы қоғамға үндеу жасап, қылмыстық істің мән-жайын жария түрде талқылауға шақырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні болған. Таңертең жас қыздың денесі ауылдағы үйлердің бірінің маңынан табылған. Марқұмның денесінде 16 пышақ жарақаты анықталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті – Дильназдың 20 жастағы танысы. Полицияның мәліметінше, екі жастың арасында жеке араздыққа байланысты жанжал туындаған. Осыдан кейін күдікті ұсталып, қамауға алынған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі, яғни «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Дильназдың анасы қызының жалғыз перзенті болғанын айтып, оның өліміне қатысты барлық жағдай толық әрі жан-жақты зерттелуі қажет екенін жеткізді. Қайғыдан қан жұтқан ана істің қоғам назарында болғанын және жасалған қылмысқа лайықты құқықтық баға берілуін сұрады.
«Дильназдың бүкіл өмірі алда еді. Ол менің жалғыз балам, үмітім әрі тірегім болатын. Қызымның қазасына қатысты істі жария етулеріңізді сұраймын. Оның өлімінің мән-жайы мен жасалған қатыгездікке әділ құқықтық баға берілуі керек», – деді марқұмның анасы.
Дильназдың ата-анасы қылмыстық істің қазіргі саралануына қатысты бірқатар сұрақ барын айтып отыр. Олар істі неғұрлым ауыр бап бойынша қайта саралау мәселесін қарастыруды талап етеді.
Марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан қылмыс кезінде қыздың денесіне көптеген жарақат салынғанын, сондай-ақ күдіктінің оқиғадан кейінгі әрекеттері мен қылмыс іздерін жасыруға талпынысы болуы мүмкін деген жайттар тергеу барысында мұқият тексерілуі тиіс деп есептейді.
Туыстары бұл қылмысты ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде де қарастыруды сұрап отыр.
Қазіргі таңда істің түпкілікті құқықтық саралануы белгісіз. Тергеу жалғасып жатыр, ал марқұмның отбасы істің барлық мән-жайы толық анықталып, қылмысқа әділ құқықтық баға беріледі деп күтуде.