Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері асқазанынан алып трихобезоар анықталған 15 жастағы жасөспірімге шұғыл операция жасады. Шаштан түзілген тығыз түйіннің салмағы шамамен бір келі, ал ұзындығы 30 сантиметрге жеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Жасөспірім түнде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Ол ішінің қатты ауырғанына, тәбетінің болмағанына, әлсіздік пен ашушаңдыққа шағымданған.
Ауруханаға түскеннен кейін науқасты кезекші хирургтар тексерді. Денсаулығының нашарлау себебін анықтау үшін дәрігерлер кешенді тексеру жүргізген. Науқасқа зертханалық талдаулар, ультрадыбыстық зерттеу, рентген және құрсақ қуысы ағзаларының компьютерлік томографиясы жасалды.
Зерттеу нәтижесінде жасөспірімнің асқазанынан ірі бөгде түзіліс — трихобезоар анықталған. Ол шашты үнемі жұтып қою салдарынан біртіндеп қалыптасады және уақыт өте келе үлкен көлемге дейін жетуі мүмкін. Мұндай түзіліс асқазан мен ас қорыту жүйесінің жұмысын бұзып, іштің ауыруы мен тәбеттің төмендеуіне әкелуі, сондай-ақ ауыр асқынулар тудыруы ықтимал.
Дәрігерлер шұғыл хирургиялық операция жасау туралы шешім қабылдады. Ота барысында мамандар жасөспірімнің асқазанынан салмағы шамамен бір келі, ұзындығы 30 сантиметр болатын трихобезоарды алып шықты.
Операция сәтті өтті. Отадан кейін жасөспірім жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Қазір дәрігерлер оның жағдайын бақылауда.