Ақтауда «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері әлеуметтік желі арқылы өзін 13 жастағы қызбын деп таныстырған аккаунтқа интимдік сипаттағы хабарламалар жіберген ер адамның әрекетін әшкерелегенін мәлімдеді.
Оқиғаға қатысты жиналған материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға «Жаңа адамдар» қозғалысының «124» азаматтық науқаны аясында болған. Жоба белсенділері интернет кеңістігінде балаларға төнуі мүмкін қауіптерді анықтау мақсатында арнайы тәжірибе жүргізген.
Олар әлеуметтік желіде 13 жастағы қыздың атынан аккаунт ашқан. Көп ұзамай парақшаға түрлі қолданушылардан хабарламалар келе бастаған. Белсенділердің айтуынша, кейбір ер адамдар қыздың кәмелетке толмағанын біле тұра, оған интимдік сипаттағы ұсыныстар жасаған.
Солардың бірі әуелі танысуға ниет білдіріп, кейін жыныстық сипаттағы хабарламалар жаза бастаған. Сондай-ақ аккаунтқа порнографиялық суреттер мен бейнежазбалар жібергені айтылады.
Кездесуге қыз емес, белсенділер келді
Хабарлама алмасу барысында ер адам өзін 19 жастағы Дархан деп таныстырған. Кейін ол қызбен кездесуге келісіп, уақытын белгілеген. Алайда белгіленген мекенжайға келгенде оны 13 жастағы қыз емес, «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері күтіп алған.
Белсенділер оған хат алмасу жазбалары мен скриншоттарды көрсеткен. Қозғалыс өкілдерінің мәліметінше, ер адамның шын мәнінде 1996 жылы туған Айдос Кесікбаев екені анықталған. Сондай-ақ оның бұрын Жетібай ауылындағы №8 мектепте күзетші болып жұмыс істегені айтылды.
Жиналған материалдар құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына тапсырылған.
«Балалардың қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз»
«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Нурила Меңдехан мұндай әрекеттердің басты мақсаты балаларға интернетте төнетін қауіпке қоғам назарын аудару екенін жеткізді.
«Біздің мақсатымыз — әлеуетті педофилдерді олардың басты қаруы — анонимділіктен айыру. Балалардың қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз ету — ата-аналардың ғана емес, бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Қоғам ұзақ үнсіз қалған сайын, қаскөйлер өздерін қауіпсіз әрі еркін сезіне береді», – деді ол.
Белсенділер ата-аналарды балаларымен интернеттегі қауіпсіздік туралы ашық сөйлесуге, олардың әлеуметтік желідегі қарым-қатынасына назар аударуға және күмәнді жағдайларды назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Айта кетейік, ер адамның әрекетіне қатысты әзірге құқық қорғау органдарының ресми құқықтық бағасы ұсынылған жоқ. Кінәлілік мәселесін тек сот анықтайды.