Қоғам

“13 күннен кейін”: Ақтөбеде жүкті әйел мен жаңа туған сәби көз жұмды

Ayzhan Sylanova Ayzhan Sylanova
“13 күннен кейін”: Ақтөбеде жүкті әйел мен жаңа туған сәби көз жұмды
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде 41 жастағы жүкті әйел Айжан Аязбаева мен оның жаңа туған сәбиінің өліміне байланысты тергеу басталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Айжан Аязбаева жүктіліктің 29-аптасында ауруханаға жеткізілген. Алайда жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен әйел 13 күннен кейін көз жұмды. Дәрігерлер сәбидің де өмірін сақтап қала алмады.

Марқұмның жұбайы Руслан Сырлыбаевтың айтуынша, жүктілік қалыпты өткен. Отбасы көптен күткен қыз баланың дүниеге келуіне дайындалып жүрген, ерлі-зайыптылардың екі ұлы бар.

«Сол күні қан қысымы көтерілді. Кешке жедел жәрдем шақырдым. Қысым 210 болып шықты. Екінші қолынан өлшегенде 185 көрсетті. Таблетка берді. 10 минуттан кейін магнезия салды. Сол сәттен бастап Айжанның жағдайы нашарлап кетті», – дейді ол.

Күйеуінің айтуынша, екпеден кейін әйелдің жүрегі айнып, тынысы тарылған. Ол жедел жәрдем көлігінде жатқан күйі облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген.

«Жолда баланың жүрек соғысын тыңдады. Айжан ол кезде комаға жақын еді, аузынан көбік шықты. Перинаталдық орталықта 13 күн комада жатып, 1 желтоқсанда қайтыс болды», – дейді Руслан Сырлыбаев.

Дәрігерлер шұғыл түрде кесарь тілігін жасағанымен, жаңа туған қыз бала да аман қалмады.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиға себептерін әзірге нақтыламай отыр. Қызметтік тексеріс басталған.

«Қазір басқарма тарапынан тексеру жүріп жатыр. Жан-жақты қаралады. Қорытындысын туыстарына, қажет болса БАҚ-қа да ұсынамыз», – деді басқарманың штаттан тыс бас акушер-гинекологы Анар Акатаева.

Отбасының айтуынша, алдын ала диагноз ретінде Айжанға пневмония қойылған. Алайда жақындары қайғылы жағдайға жедел көмек көрсету кезінде жіберілген қателік себеп болуы мүмкін деп есептейді. Марқұмның отбасы ана мен баланы аман алып қалуға мүмкіндік болды ма деген сұраққа жауап алу үшін істің әділ тергелуін талап етіп, құқық қорғау органдарына жүгінуді жоспарлап отыр.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz