Өзбекстанның Ташкент облысында жас келіннің жұмбақ жағдайда көз жұмуы қоғам назарын аударып, қызу талқылануда. Ақпаратқа сәйкес, келін тұрмысқа шыққанына небәрі үш күн болғанда қайтыс болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның анасы телебағдарлама барысында бұл оқиғаға қатысты күмәні бар екенін айтып, қызын Келес қаласына ұзатқанын жеткізді. Оның сөзінше, күйеу жігіттің отбасы ауқатты екенін алға тартып, құдалыққа көндірген.
«Бұл менің жалғыз қызым еді. Жолдасым болмаса да, барымды салып, жақсы той өткізгім келді. Алайда үш күн өткен соң “Қызыңның сүйегін алып кет” деген хабар келді. Мұндайды есту өте ауыр», – деді анасы.
Оқиға 6 сәуір күні кешкі уақытта болған. Анасының айтуынша, қызы тұрмысқа шыққаннан кейін өзін бақытты сезініп, жақындарына бейнежазба арқылы қуанышын жиі бөлісіп жүрген.
Сондай-ақ ол қыздың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес екенін алға тартты.
Ал марқұмның енесі бұл жағдайға ешқандай адамның қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Іс жабылды. Ол күні үйде ешкім болмаған. Үш күн бұрын түскен келіннің өліміне ешкімді кінәлау мүмкін емес», – деді ол.
Ақпаратқа сәйкес, марқұмның отбасы ауыл ішінде сыйлы болған, ал анасы екі баласын жалғыз тәрбиелеп өсірген.
Өзбекстан Бас прокуратурасы жүргізілген тексеру нәтижесінде марқұмның денесінен тұншығу белгілері анықталмағанын хабарлады. Ал алдын ала тексеру барысында қылмыс құрамы табылмағандықтан, қылмыстық іс қозғалған жоқ.