Кеше Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында шыққан күшті өрт салдарынан 12 адам көз жұмды. Қайғылы оқиғада қаза тапқандардың 9-ы – бала. Елді есеңгіреткен ауыр жағдай кезінде Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров әлеуметтік желіде «Ұлына ақыл айту» форматында жазба жариялап, жұртшылықтың наразылығына себеп болды деп хабарлайды kznews.kz.
Парламент депутаты өз жазбасында «Құтты біліктен» үзінді алып, ұлына мынадай өсиет жолдаған:
«Әй, ұлым, айналаңа ізгілік қыл.
Жамандықтан аулақ жүр. Ізгі амал арқылы өзіңді жамандықтан қорғайсың.
Жаман адамдарға жолама — олар сені қор етеді.
Екіжүздіге сыр ашпа, сөзің шартарапқа тарайды.
Өсекшіні үйіңе жолатпа, көрген-түйгенін елге жайып жүрер.
Барлық сөзді тыңда, бірақ тез сеніп қалма.
Көңілің мен сырыңды берік сақта».
Ол бұл сөздердің «Айтолдының “Құтты білікте” ұлына айтқан өсиеті» екенін атап көрсеткен.
Алайда дәл осындай қаралы күні депутаттың «ақыл айтуға» көшкен жазбасы көпшіліктің ашу-ызасын туғызды.
Әлеуметтік желі белсендісі Сәбит Рысбаев наразылығын ашық білдіріп:
«Бүгін елде 12 адам өрттен қаза тапты. Ал біздің депутаттың жазып отырған посты – мынау», – деп жазды.
Қарапайым азаматтар да Ардақ Назаровтың әрекетін орынсыз деп санап, әлеуметтік желілерде түрлі пікір қалдырды:
«Мандатын қайтартып алатын механизм жоқ па?», «Ақыл айтуға шебер, бірақ жағдаймен санаспайды», «Ата-бабаның сөзін қайталаудан шаршамайды, өз ойы жоқ па екен?»,
«Осындай қаралы сәтте басқа тақырыпты қозғамай-ақ қойса болар еді. Қазақстанда депутат болып, әсіресе AMANAT арқылы тағайындалудан асқан рақат жоқ шығар…» — деген сынды пікірлер көптеп жазылды.