KZNews.kz
Жаңалықтар

10 автокөлікке тыйым салынды: блогер Жанәбілов пен әйелі үйқамаққа алынды

Жарқын Омаров
Фото: видеодан алынды

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды kznews.kz.

Тергеу амалдарына сай, Instagram әлеуметтік желісінде (15 миллионнан астам жазылушысы бар) көп миллиондық аудиторияға ие ерлі-зайыпты өз жазылушыларының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.

"2025 жылы олар онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Аталған «курстарды» сатып алудың негізгі себебі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған. Таратылған бейнематериалдар басым бөлігі басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған. Жүлде қоры жария түрде мәлімделгендей жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен ақша қаражаты есебінен қалыптастырылған", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, электронды «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерту фактілері анықталды. Соның нәтижесінде 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.

Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-нші автокөлікті табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған.

"Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС-нің бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңгені құраған, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған. Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген ҚМА таратқан ақпаратта.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →