Трамп Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізді: Қазақстанға әсері қандай болуы мүмкін?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

1 миллион теңге айлық, пәтер мен қызметтік көлік: Мемлекет Құрылтай депутаттарына қандай жағдай жасайды

1 миллион теңге айлық, пәтер мен қызметтік көлік: Мемлекет Құрылтай депутаттарына қандай жағдай жасайды
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді.

Депутаттар саны азайып, заң шығарушы органның құрылымы өзгерді. Ал халық қалаулыларының жалақысы, қызметтік баспанасы мен көлігіне қатысты бұрынғы тәртіп өзгерді ме? Stan.kz Парламент кезінде депутаттарға қандай жағдай жасалғанын және Құрылтай мүшелеріне қазір қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын салыстырып көрді.

Бұрын заң шығару міндеті Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы Парламентке жүктелетін. Мәжілісте 98, Сенатта 50 депутат бар еді. Екі палатаны қосқанда халық қалаулыларының саны 148-ге жететін. Қазір бір палаталы Құрылтайда 145 депутат бар.

Екі палаталы Парламенттің қызметіне кететін шығын да соған сай есептелетін. 2025 жылдың соңында қабылданған 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте Мәжіліс пен Сенаттың 2026 жылғы жұмысын қамтамасыз етуге 31 миллиард 956 миллион 848 мың теңге қарастырылған еді.
Ал 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Құрылтайдың жұмысын қамтамасыз етуге 22,53 миллиард теңге қарастырылған. Құрылтайдағы 145 депутатты есепке алғанда, бір депутатқа шаққандағы жылдық шығын155,3 миллион теңге болып шығады.

Парламенттің құрылымымен бірге жалпы шығын көлемі де өзгерген. Ал депутаттардың жалақысы, қызметтік баспанасы мен көлігіне келгенде бұрынғы тәртіптің қаншалық өзгергенін жеке қарастырып көрейік.

Депутаттардың айлығы қалай есептеледі

Мәжіліс депутаттарының жалақысы туралы бұған дейін халық қалаулыларының өздері де айтып жүрген. Мәселен, бұрынғы мәжілісмен Нұртай Сабильянов 2024 жылы комитет төрағасы ретінде айына қолына 850 мың теңге алатынын айтқан еді.

Құрылтай депутатының жалақы мөлшері 600 мың теңгеден басталатыны да сөз болған еді. Төраға орынбасары Дәния Еспаеваныңайтуынша, халық қалаулысысының  қанша алатыны еңбек өтіліне байланысты.

"Қазір депутаттардың жалақысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін. Егер депутаттың еңбек өтілі ұзақ болса, оның жалақысы 1 миллион теңгеге жетеді", – деді Дәния Еспаева.

Депутаттардың мекені – бұрынғыдай "Нұрсаяда"

Депутаттарға Астанадан қызметтік баспана беру Парламент кезінде де бар еді. Мұндай мүмкіндік елордадан тыс жерде тұратын халық қалаулыларына қарастырылатын. Олар депутаттық өкілеттігі аяқталғанға дейін мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерді тегін пайдалана алатын.

Құрылтайға келген депутаттарға да осы тәртіп сақталып отыр. Редакция сауалына жауап берген Құрылтайдың шаруашылық қамтамасыз ету департаменті басқа өңірде тұратын депутаттардың қызметтік баспанамен қамтылатынын мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасының астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкілеттік мерзіміне тегін пайдалану шартымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрмысқа жайлы және жиһаздармен жабдықталған тұрғын үй беріледі. Құрылтай депутаттарына арналған қызметтік пәтерлер Астана қаласындағы “Нұрсая-1” және “Нұрсая-2” тұрғын үй кешендерінде орналасқан. Коммуналдық қызмет ақысын депутаттар өз қаражаты есебінен төлейді", – делінген редакцияға берілген жауапта.

"Нұрсая" депутаттар үшін кейін пайда болған жаңа мекен емес. Мәжіліс пен Сенат депутаттарының арасында Астанада баспанасы жоқтары бұрын да елордада жиырма жылдан астам уақыт бұрын бой көтерген осы тұрғын үй кешендеріндегі қызметтік пәтерлерде тұратын.

Ол кезде пәтерді Мәжіліс пен Сенаттың тұрғын үй комиссиялары өз палатасындағы депутаттарға бөліп беретін. Қанша бөлмелі пәтер тиетіні де отбасы жағдайына қарай шешілетін. Қызметтік баспана депутаттың жеке меншігіне берілмейтін, тек өкілеттік мерзімінде пайдалануға арналған еді. Құрылтайда да осы ұстаным сақталған.

Осы жағынан қарағанда, Парламенттен Құрылтайға көшкенде депутаттардың баспана мәселесінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Бұрын Мәжіліс пен Сенат депутаттары пайдаланған "Нұрсаядағы" қызметтік үйлер енді Құрылтай мүшелеріне де беріліп отыр.

Жеке көлік барлық депутатқа берілмейді

Қызметтік көлік мәселесінде де бұрынғы тәртіп жалғасын тауып отыр.

Парламент кезінде Мәжіліс пен Сенаттағы әр депутатқа жеке көлік бекітіле бермейтін. Қатардағы депутаттар Астана ішінде кезекші жеңіл көліктер мен автобустарды пайдаланатын еді. Ал палаталардың басшылары мен тұрақты комитет төрағаларына жеке қызметтік көлік қарастырылатын. Құрылтайда да қызметтік көлік  осы тәртіппен беріледі.

"Құрылтай депутаттарына Қазақстан Республикасының астанасы шегінде кезекші жеңіл көліктермен және автобустармен қызмет көрсетіледі", – деп жауап берді Құрылтайдың шаруашылық қамтамасыз ету департаменті.

Ал Құрылтай төрағасына, оның орынбасарларына және тұрақты комитеттердің төрағаларына жеке бекітілген қызметтік автокөліктер қарастырылған.

Департамент өкілінің айтуынша, қатардағы Құрылтай депутатына кезекші көлікті пайдалануға айына 75 сағат беріледі. Яғни қызметтік көлікті  пайдалану мүмкіндігі болғанымен, оған уақыт жағынан шектеу қойылған.

Бұрынғы Парламент депутаттарына да айына 75 сағаттық тәртіп қолданылатын еді. Осылайша Құрылтайға ауысқанда көлікті пайдалану уақыты да сол күйінде сақталған.

Демек жаңа заң шығарушы орган құрылғаннан кейін депутаттардың саны мен оны қаржыландыру көлемі өзгергенімен, олардың күнделікті қызметіне қатысты бұрыннан қолданылып келген бірқатар тетік сол күйінде қалғанын көреміз.

Бір депутатқа жылына 195 миллион теңге жұмсалған

Редакция 2025 жылы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына жасалатын жағдайды бұған дейін де зерттеген еді. Сол кездегі есеп бойынша, 2015 жылы бір депутатқа жылына шамамен 70 миллион теңге жұмсалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 195 миллион теңгегежеткен.

Депутаттарға Астанадан қызметтік баспана да берілетіні де жазылған еді. Мәселен, сол кездегі Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өзіне 2005 жылы салынған "Нұрсая" тұрғын үй кешенінен бес бөлмелі қызметтік пәтер берілгенін айтқан. Оның сөзінше, пәтер бөлгенде депутаттың отбасы мүшелерінің саны ескерілген.

Ал бұрынғы мәжілісмен  Бақытжан Базарбектің жұбайы Адель Әділова олардың қызметтік пәтерін әлеуметтік желіде көрсеткен еді. Оның айтуынша, 2005 жылы пайдалануға берілген үйдегі жиһаздың дені жиырма жылдан бері жаңартылмаған. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов болса, қызметтік пәтерден бас тартқанын айтқан еді.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.