Әнші Алтынай Жорабаеваның қызына дайындалған жасау әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жас жұбайларға арналған дүние-мүліктің жалпы құны шамамен 100 миллион теңгеге бағаланған, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әншінің жақын құрбысы қызға әзірленген жасау туралы айтып, оның ауқымы өте үлкен екенін жеткізген. Оның сөзінше, күйеу жігіттің әкесі ұлына аумағы 200 шаршы метр болатын пәтер сыйлаған.
Жаңа баспананы толық жабдықтау үшін қажетті кілемдер, жиһаздар, ыдыс-аяқ және басқа да тұрмыстық заттар да қыздың жасауына енгізілген.
Алайда жас жұбайларға арналған барлық дүние бірден жеткізілмеген. Құрбысының айтуынша, видеода көрсетілген заттар жалпы жасаудың шамамен он пайызы ғана.
«Алтынай Жорабаеваның қызының жасауына шамамен 100 миллион теңге жұмсалды. Жігітке әкесі 200 шаршы метрлік пәтер сыйлады. Пәтердің ішін кілем, жиһаз, ыдыс-аяқпен толық жабдықтады. Қазір жасаудың он пайызын ғана алып келдік», – деді әншінің құрбысы.
Бұған дейін Алтынай Жорабаева қызының құдалығынан кейін құдалар тарапынан келген сый-сияпаттарды әлеуметтік желідегі парақшасында көрсеткен болатын. Кадрларда қазақы дәстүрге сай дайындалған тарту-таралғы мен түрлі сыйлықтар бейнеленген.
Сонымен қатар құдалар әншінің қызына 15 миллион теңге көлемінде қалыңмал бергені туралы ақпарат тараған.
Осылайша өнер иесінің қызына жасалған ауқымды жасау мен жас отбасыға берілген баспана әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, түрлі пікірге себеп болды.
Толық нұсқасын Smartnews.kz сайтынан оқи аласыз.