Шананы көлікке тіркеп сырғанаған: Алматыда «жаңа Мақсат Үсенов» жазаланды (ВИДЕО)

27

Қазақстан жұртышылығы желіде видеосы тараған жас жігітті қатаң сынға алып, жаңа Мақсат Үсенов деген ат қойған

20 жастағы Назар Роллан ҚР ӘҚБК 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша жеті тәулікке абақтыға қамалды, деп хабарлайды Алматы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.

Жас жігіт қарсы беттік қозғалысқа шығып зулап және шананы көлікке жегіп сырғанауының арқасында көпшілікке танылған еді. «Ерліктері» түсірілген видеоларды «хайп үшін» Instagram-ға салған.

Шанаға мініп сырғанау

«Бостандық ауданы ІІБ жергілікті полиция қызметкерлері 1998 жылы туған азамат Назар Ролланға қатысты әкімшілік жаза қолданды. Ол бірнеше мәрте қоғамдық тәртіпке жат қылықтар жасап, айналасындағыларға, оның ішінде жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірді. Сондай жайттардың бірінде әл-Фараби даңғылы мен Мұстафин көшелерінің қиылысында жол үстінде шанамен сырғанаған», – деп мәлімет берді ІІД баспасөз қызметі.

Ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік істің материалдары Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберіліп, Роллан жеті тәулікке қамауға алынды.

Құйындай жүйткіген жүргізушілер мен хайп қуғандарға қандай жаза?

ІІД хабарлағандай, полиция әлеуметтік желіде жарияланған видео және фотоларды мұқият зерттеп отырады. Құқық бұзушыларға қатысты заңға сәйкес шара қолданылмақ.

sputniknews.kz